Түркиядағы референдум: Ердоған елді 2029 жылға дейін билеуі мүмкін

Түркиядағы референдум: Ердоған елді 2029 жылға дейін билеуі мүмкін

Түркиядағы референдум: Ердоған елді 2029 жылға дейін билеуі мүмкін
ашық дереккөзі
16 сәуірде өткен референдумда Түркия азаматтарының басым бөлігі Конституцияға түзетулерді қолдады. Ол бойынша парламенттік республика президенттік басқару жүйесіне көшеді. Бұл туралы Анадолы ақпарат агенттігіне сілтеме жасап Орталық Азияның жаңалықтар қызметі хабарлады. Сайлаушылардың 51,35 пайызы (24 миллион 326 мың сайлаушы) "ия" деп жауап берсе, 48,65 пайызы (23 миллион 187 мың сайлаушы) қарсы шыққан. Бұл – ел тарихында соңғы 100 жылдағы ең ірі реформа. Референдум нәтижесі бойынша президент Режеп Тайып Ердоғанның құзыреті күшейеді. Енді ол вице-премьерлерді (премьер-министр қызметі жойылады), Конституциялық сот судьяларын және Жоғарғы кеңес мүшелерін, прокурларды өзі тағайындайды, парламентті таратып, елде төтенше жағдай жариялай алады. Бұған қоса, Ердоған билікте 2029 жылға дейін қала алады. Референдум кезінде оппозициялық партиялар мен БАҚ сайлау учаскелерінде және оның сыртында көптеген заң бұзушылықтар болғанын хабарлады. Сайлау күні үгіт-насихатқа тыйым салынғанына қарамастан, ірі қалаларда билік басындағы Әділет және даму партиясының плакаттары ілулі тұрды. Оппозициялық Республикалық халық партиясы өкілдерінің мәлімдеулерінше, сайлау учаскелерінің 60 пайызында заң бұзушылықтар тіркелген. Бұған қоса, оппозиция есептелмеуі тиіс 1,5 миллион дауысты билік есептеп жібергенін хабарлады.