Қазақстан астықты терең өңдеуді дамытуға баса назар аударып отыр. Ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарлары туралы ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкіметтің бір жылдық қызметінің қорытындыларына арналған баспасөз мәслихатында айтты.
Саланы 2028 жылға дейін кеңейту үшін жалпы қуаттылығы жылына 4,8 млн тонна бидай мен жүгеріні өңдейтін 5 ірі жобаны іске қосу жоспарланған. Инвестиция көлемі $2,6 млрд-ты құрайды.
«Өнім ассортиментін аминқышқылдары, сироптар, дәрумендер шығару арқылы кеңейту жоспарлануда. Өндірілетін өнім сыртқы нарықтарға, оның ішінде АҚШ пен Еуропа елдеріне, Қытай мен Үндістанға, ТМД, Таяу Шығыс және Африка мемлекеттеріне бағытталған. Тұрақты шикізат базасының болуы біз үшін бәсекелестік артықшылық туғызады», — деді министр.
2025 жылдың 11 айында тамақ өнімдерін өндіру көлемі 3,5 трлн теңгеге (+8,7%), ал сусындар – 1,1 трлн теңгеге (+9,2%) жетті.
Биыл 40 жоба жүзеге асырылуда, оның 29-ы пайдалануға берілген. Негізінен, бұл майлы дақылдар, ет, жеміс-жидек, жүн өңдейтін кәсіпорындар, сондай-ақ құрама жем өндірісі.
«Біз шикізат бағытынан бас тартып, жоғары қосылған құны бар өнімдер өндіруді бастаймыз. Жаңа зауыттар ет, сүт, жүн, майлы дақылдар, жемістерді өңдейді. Бұл қазақстандықтарды сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етеді», — деді Айдарбек Сапаров.
Ауыл шаруашылығы министрлігі экспорттың жаңа бағыттарын ашу бойынша белсенді жұмыс жүргізіп келеді. 7 елмен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде 16 ветеринариялық сертификатқа қол қойылды.
Жаңа нарықтарға қолжетімділіктің арқасында 10 айда сиыр етінің экспорты 30,2 мың тоннаға (өсім 1,7 есе), ал қой еті – 25,5 мың тоннаға (өсім 1,9 есе) жетті. Әзербайжан (мал шаруашылығы өнімдері), Моңғолия (ұсақ мал), Марокко (жем), Иран (тері) және ЕО (бал) нарықтары ашылды.
Қазіргі уақытта Жапонияға, Оңтүстік Кореяға, БАӘ елдеріне ет пен сүт жеткізу мәселесі пысықталуда. Қатар мен Ұлыбританиямен бал экспорты, ал Эквадормен бірге артемия асшаян уылдырықтарын жеткізу талқылануда.
«Мұндай өсім сапалы қазақстандық етке деген жоғары сұранысқа негізделген. Біз қосылған құны жоғары өнімді өткізуді қамтамасыз ету үшін бағыттарды әртараптандыруды жалғастырамыз», — деді Айдарбек Сапаров.