Бюджеттен қыруар қаржы құйылғанына қарамастан, орта бизнестің экономикадағы үлесі төмендеп жатыр – депутат

Бүгін, 15:10 / Інжу Әлихан
Фото: MANAT» партиясының баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов Жоғары аудиторлық палатаның «Жеке кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік қолдау шараларын көрсету тиімділігіне жүргізілетін мемлекеттік аудит» тақырыбындағы есебіне қосымша баяндама жасады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ол мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша анықталған негізгі заң бұзушылықтар мен кемшіліктерді атап, бірқатар мәселеге тоқталып өтті.

Депутаттың айтуынша, бюджеттен қыруар қаржы құйылғанына қарамастан, орта бизнестің экономикадағы үлесі төмендеп жатыр. 

«Біріншіден. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 4,4 млн адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр, бұл жұмыспен қамтылған халықтың жалпы санының 48%-ын құрайды.

Алайда, бюджеттен қыруар қаржы құйылғанына қарамастан, орта бизнестің экономикадағы үлесі төмендеуде және ол соңғы бес жылда 6,7%-дан аспай отыр (2024 жылғы жоспар бойынша 8,2%). Мәселен, соңғы бес жылда (2019-2024 жылдары) кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан 4,5 триллион теңге көлемінде көмек көрсетілді. Сондықтан, мемлекеттік қолдаудың қайтарымы, тиімділігі болуы маңызды.

Анықтама үшін:

көтерме және бөлшек сауда – 35,5%, 735 мың бірлік;

өңдеуші өнеркәсіп – 5,2%, 109 мың бірлік.

Екіншіден. Мемлекеттік қолдау құралдарының тиімділігі. Жүргізілген талдау мемлекеттік қолдау шараларының бүкіл жүйесін талдауда, есепке алуда және басқаруда орын алған проблемаларды анықтады, бұл осы шаралардың нәтижелі болуына әсер етеді. Шаралар жүйесіз көрсетіліп жатыр.

Қолдау шараларының қайталануы және ұқсас болуы салдарынан, Ұлттық экономика министрлігі мен салалық мемлекеттік органдар арасындағы жауапкершілік айқындалмаған.

Көптеген даму институттары: Қазақстанның Даму Банкі, Өнеркәсіпті дамыту қоры, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, «ҚазИндастри» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы, «ҚазТрейд» сауда саясатын дамыту орталығы және т.б. операторлары құрылды. Оларда тиімділікті анықтау, талдау жүйесі қалыптаспаған.

Мемлекет Басшысының «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну жөніндегі тапсырмасы әлі күнге дейін орындалған жоқ. Сондай-ақ, бір субъектінің әртүрлі операторлардан, әртүрлі қолдау құралдары арқылы үнемі қолдау алу жағдайлары анықталды. Мысалы:

«Терра» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 19 қолдау құрал арқылы 10 жыл бойы 17 млрд 11 млн теңге сомасына үздіксіз қаржылық қолдау көрсетілген (2015-2024 ж.ж.);

«Актеп» ЖШС – 13 қолдау құрал арқылы 10 жыл бойы (2015-2024 ж.ж. 11 млрд 679 млн теңге сомасына қолдау көрсетілген;

«Полтри Агро» ЖШС – 2019 жылғы мамырда құрылған. Ал, 2020 жылдан бастап 4 жыл бойы (2020-2023 ж.ж.) 7 қолдау құрал арқылы 2 млрд 932 млн теңге сомасына үздіксіз қаржылық қолдау көрсетілуде.

Бұған қоса, бұл кәсіпорындар салық жеңілдіктерін де пайдаланған (инвестициялық келісімшарт негізінде импорт кезінде қосылған құн салығын және кедендік әкелу бажын төлеуден босату бойынша). Сондықтан, бір субъектіге қайта-қайта бірнеше мемлекеттік қолдау түрін көрсетуді тоқтату керек.

Тиісінше, уәкілетті органдар әрбір мемлекеттік қолдау шарасының тиімділігін бағалап, талдауды қамтамасыз еткені жөн.

Сондай-ақ, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жыл сайын бюджет қаржысы есебінен 1 млрд теңгеге бизнеске консультация беруді және сервистік қолдап отыруды жалғастыруда. Және оны онлайн форматқа көшуге асығар емес (90% офлайн). Осының салдарынан бизнеске формальды түрде көрсетілген қызметтерге бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуы орын алуда. Мұны түзету қажет.

Қарыз алушымен үлестес кәсіпорындарды жеңілдікті қаражат есебінен жасырын қаржыландыру мысалдары да бар (Мәселен, «Орал трансформатор зауыты» мемлекеттен қолдау түрінде 4,2 млрд теңге қаржы алып, оны өзіне байланысы бар компания – «Energy Components» ЖШС-не аударып, ешқандай жұмыс жасамай, 2 ай ішінде қайтарып берген).

Үшіншіден. Цифрлық форматтарды енгізу. 2025 жылғы 20 маусымда Ұлттық экономика министрлігінің бұйрығымен Мемлекеттік қолдау шараларының тізілімі бекітілді.  Алайда, бұл Тізілім әлі күнге дейін жұмыс істемейді және ұсынылатын мемлекеттік қолдау шараларының толық көлемін көрсетпейді.

Сонымен қатар, операторлар ұсынған барлық шараларды, оның ішінде салық жеңілдіктерін, мүлікті жалдау бойынша жеңілдіктерді қадағалап отыруға болатын бірыңғай цифрлық платформа жоқ. Нәтижелерді бағалау мен тиімділік көрсеткіштері қарастырылмаған.

Осыған байланысты, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін жуырда Парламент Мәжілісінің депутаттары мемлекеттік қолдау шаралары бойынша бірыңғай цифрлық платформаны енгізу туралы бастамашылық жасап, түзетулер қабылдады.

Бұл платформа барлық қолданыстағы шараларды жүйелендіруге, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шараларының ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сондықтан Үкімет өз тарапынан:

Осы платформада мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну мерзімін анықтау керек.   Сонымен қатар, бір және сол кәсіпорындардың, сондай-ақ құрылтайшылары мен немесе акционерлері бір тұлға болып табылатын, олармен үлестес ұйымдары бар кәсіпкерлік субъектілерінің қолдау шараларын алуын болдырмау қажет», - деді ол.

Нұртай Сабильянов депутаттар бюджет қаражатының ұтымды пайдаланылмауы мәселесін үнемі көтеріп келетінін атады.

Төртіншіден. Өңдеуші өнеркәсіп. Кәсіпкерлік субъектілері мемлекеттік қолдау шараларын алу барысында рәсімдердің күрделілігіне тап болады. Өкінішке орай, көптеген кәсіпкерлер мемлекеттік қолдау  шараларының  бар  екенін,  тіпті, біле де бермейді.

Тағы бір проблема. Мемлекеттік аудит жүргізу барысында құрылыстың сметалық құны асыра көрсетілетіні анықталды, мұндай жағдай мемлекеттен шамадан тыс қолдау шараларын пайдалануға алып келеді.

(Мысалы, мынадай инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде (мемлекеттік қолдау шарасы – экспорттаушыларды қаржыландыру):

  • «Өнімділігі жылына 5 млн тонна болатын, құрамында алтыны бар бастапқы кенді қайта өңдеу кешенін салу және пайдалану» жобасының сметалық құны 208,6 млн теңгеге асыра бағаланған;
  • «Байыту фабрикасын, агломерациялық фабрикасы бар Сарыарқа ферроқорытпа зауытын салу және жұмыс істеп тұрған өндірісті жаңғырту» жобасының құны 137,8 млн теңгеге артық көрсетілген.

Өңдеуші өнеркәсіп субъектілеріне көрсетілген жиынтық мемлекеттік қолдаудың әрбір теңгесіне орта есеппен 20 теңгеден төленген салықтар келеді. Бұл тиімділіктің төмен екенін көрсетеді.(«Шри-Лайн» ЖШС - 0,5 теңге, «Орал трансформатор зауыты» ЖШС - 0,49 теңге, «Құю өндірісі» ЖШС - 0,24 теңге, «QAZAQ – ASTYQ GROUP» ЖШС - 0,05 теңге, «Молпродукт» ЖШС - 0,5 теңге (проблемалық актив ретінде танылған), «AGRITECH» ЖШС - 0,12 теңге,  «Масло-Дел Петропавловск» ЖШС - 0,005 теңге).

Тағы бір мысал, экспорт көлемін төмендетіп көрсету. Мәселен, «Қайнар-АКБ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне кредит желісін ашқан кезде 2019 жылдан бастап жыл сайын экспорттық түсімнің көлемін кемінде 17 млрд теңгеге жеткізу бойынша талап қойылған. Ал, Серіктестіктің 2017 жылдан бергі экспорттық түсімі онсыз да 17,4 млрд теңге.

Бұл ретте, экспортқа дейінгі қаржыландыру – мемлекеттік қолдау шарасы ретінде экспорт көлемін ұлғайту мақсатында ғана берілуге тиіс. Және қарсы міндеттемелерді анықтау кезінде экспорттың өсуі бойынша талаптарды белгілеу қажет (өндірістік құн көлемін, өнімнің көлемін, локализация деңгейін арттыру, жұмыс орындарын ашу, жалақыны көтеру).

Бұған қоса, тауарлар экспортының құрылымына талдау жасау шикізаттық емес (өңделген) тауарлар экспортының үлесі төмен екенін көрсетіп отыр: 2022-2023 жылдары экспорттың жалпы көлеміндегі үлесі – 32%; 2024 жылы – 35%. Сондықтан дайын өнім шығаратын өңдеуші өнеркәсіптің мұқтаж кәсіпорындарына мемлекет тарапынан қолдау көрсету қажет.

Сондай-ақ, мемлекеттік қолдау шараларын алатын кәсіпорындардың шикізатты, тауарлар мен қызметтерді Отандық тауар өндірушілер тізіліміне енгізілген біздің өндірушілерімізден ғана алуы қамтамасыз етілуі қажет.

Бесінші. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың қызметіне тоқтала кеткен жөн. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың аймақтарда 20 жылға жуық қызмет экономиканың қажетті ауқымда дамуына түбегейлі әсер етпеді. Тек соңғы 5 жылда 13 өңірлік Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияға кредит беруге 288,6 млрд. теңге бюджет қаражаты бөлінді. Қазір Корпорациялардың қызметін реттейтін стратегиялық құжат жоқ. Бұл ретте қолданыстағы заңнамада жалпы нормалар қамтылған (АҚ туралы, Мемлекеттік мүлік туралы заңдар, Кәсіпкерлік және Жер кодекстері).  Мұндай жағдай бақылаудың болмауына, бюджет қаражаты мен мемлекеттік активтерді тиімсіз пайдалануға, сондай-ақ қаржылық бұзушылықтарға алып келді.

13 Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияға жүргізілген аудит бойынша:

  • 137,9 млрд. теңгеге қаржылық бұзушылықтар (оның ішінде бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілікті бұрмалау - 132, 7 млрд теңге);
  • 33,6 млрд. теңгеге бюджет қаражаты мен активтерін тиімсіз пайдалану анықталды.

Мемлекет 13 Корпорацияның жарғылық капиталын толықтыру үшін 596,3 млрд. теңге бөлді.  Бірақ осыған қарамастан, жылдан жылға олардың шығындылығы мәселесі сақталуда.

2024 жылдың соңында 13 Корпорацияның  8-інің жабылмаған шығыны 209,5 млрд. теңгені құрады.  Корпорациялар негізгі кірісті алынған бюджет қаражатын банктердегі депозиттерге орналастырудан және кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз беруден алады (лицензия алмастан).

Сондай-ақ, Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар, көбінесе, кәсіпкерлік субъектілері мен «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы арасындағы мәмілелерде кепілгер ретінде әрекет етеді. Бұл үнемі тиімді бола бермейді. Олардың инвестициялық қызметі іс жүзінде терең құлдырау кезеңінде. Инвесторлар тарапынан көптен бері сенім жоқ.  Оның үстіне, Корпорациялар жарғылық капиталды қалыптастыру және толықтыру арқылы өздерінің меншігіне өтетін коммуналдық меншік объектілеріне қол жеткізе алады. Бұдан әрі осы активтерді басқару, оның ішінде иеліктен шығару ашық емес жағдайларда, Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялардың қалауы бойынша және жергілікті атқарушы органмен міндетті түрде келісілмей жүзеге асырылады.

Корпорациялардың жер учаскелеріне меншік құқығынан бас тарту фактілері де бар.   Бұдан басқа, Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар рентабельді емес еншілес ұйымдар құрып, кейіннен олардың қызметі тоқтатылады. Осылайша,  талдау көрсеткендей Корпорациялар бәсекеге қабілетсіз және қомақты борыштық міндеттемелері бар.

Сондықтан Үкіметке:

  • Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялардың қызметін ретке келтіруді және оның тиімділігін қамтамасыз етуді;
  • уәкілетті мемлекеттік органды айқындауды;
  • олардың  қызметін толық цифрландыруды қамтамасыз етуді;

қаржылық бұзушылықтарға жол берген тұлғаларды  жауапкершілікке тартуды;

еншілес кәсіпорындар құруға тыйым салуды;

Корпорацияларға берілген мүлікті, жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтаруды және мақсатсыз пайдаланылған бюджет қаражатын қайтаруды қамтамасыз етуді ұсынамыз.

Сөз соңында айтарым, жеке кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан әсер беруге тиіс.

Мемлекеттік қолдау алған кәсіпкерлік субъектілері өз қызметін тоқтатқан жағдайда, кәсіпорын, оның құрылтайшылары мен акционерлері көрсетілген мемлекеттік қолдауды толық көлемде мемлекетке қайтаруды міндеттеу керек.

Үкімет экономиканы дамыту мақсатында жеңілдетілген несие беру жүйесін қалыптастыруы қажет. Атап айтқанда, кәсіпкерлік субъектілеріне жылдық 8-10 пайыз мөлшерлемемен несие беру тетігін енгізу керек.

Қайтарымсыз субсидия беру тәжірибесін тоқтату қажет.

Себебі соңғы 3,5 жылда бизнес субъектілерін қолдау мақсатында бюджеттен банктердің сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауға 686 млрд теңге жұмсалған.

Жоғары аудиторлық палата жүргізген мемлекеттік аудит уәкілетті органдардың, даму институттарының, әкімдіктердің жұмысында кемшіліктер бар екенін көрсетті. Оны жойып, қатемен жұмыс істеу керек.

Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті Үкімет пен даму институттарының атына тиісті ұсынымдар әзірледі», – деді депутат.