Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің қатысуымен Жұмысшы мамандықтары жылының қорытындысына арналған салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Сондай-ақ форумға Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, «AMАNAT» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек қатысты.
Ерлан Қарин Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда еңбек культін орнықтыру, жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру саясатын жүйелі түрде жүргізіп отырғанын атап өтті.
– Мемлекет басшысы биыл кәсіби мерекелер аясында энергетиктерді, құтқарушыларды, мұғалімдерді, мұнайшыларды, дәрігерлерді, су шаруашылығы саласының қызметкерлерін, ауыл шаруашылығы мамандарын Ақордада арнайы қабылдап, құрмет көрсетті. Жалпы, осы жылы Президент Жарлығымен 1300-ге жуық жұмысшы мамандықтар өкілі мемлекеттік марапатқа ие болды. Осының барлығы еселі еңбекті қадірлеуге бағытталған маңызды қадамдар. Бұл – еңбек адамы мемлекеттік саясаттың басты назарында деген сөз, – деді Мемлекеттік кеңесші.
Ерлан Қарин еңбекті қадірлеу, ұрпақтар сабақтастығын сақтау, жұмысшы жастарды қолдау мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып қала беретінін айтты.
– Жұмысшы мамандықтары жылы біздің қоғам еңбекті ерекше қадірлейтінін көрсетті. Халық арасында елге нақты пайда әкелетін адамдар құрметті, сыйлы екенін байқатты. Кәсіби мамандарды дәріптеу алдағы уақытта да үздіксіз жалғаса бермек, – деді Мемлекеттік кеңесші.
Іс-шара барысында жұмысшы мамандықтарының үздік өкілдері мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Сонымен қатар республикалық «Еңбек жолы» байқауының «Үздік еңбек әулеті», «Жұмысшы жастардың үздік тәлімгері», «Өндірістегі үздік жас қызметкер» аталымдарында топ жарған азаматтарға құрмет көрсетілді. Оған қоса «Ерлік пен еңбек дастаны» байқауының жеңімпаздары, жұмысшы жастардың әлеуетін қолдап, дамыту мақсатында жүзеге асырылып жатқан «Жұмысшы жастар аманаты» жобасының қатысушылары құрметке бөленді.
Жиынға қатысушылар мемлекет тарапынан қабылданып жатқан шаралар қоғамдағы еңбек адамының рөлін арттыруға ықпал етіп, жұмысшы мамандықтарын кеңінен насихаттауға соны серпін бергенін айтты. Жұмысшы мамандықтары жылының қорытындысына арналған салтанатты рәсім еліміздің дамуына күнделікті адал еңбегімен үлкен үлес қосып жүрген жандардың кәсібилігі мен жауапкершілігіне көрсетілген лайықты құрметтің тағы бір дәлелі болды.