Дене қызуының 35 градустан төмен түсуі өмірге қауіп төндіруі мүмкін

24 желтоқсан, 2025 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Дене температурасының 35°C-тан төмен күрт төмендеуі ағза үшін аса қауіпті. Мұндай гипотермия жүрек-қантамыр жүйесіне ауыр салмақ түсіріп, инфаркт, инсульт және қауіпті аритмиялардың қаупін арттырады. Бұл туралы Пирогов университетінің доценті Эльвира Хачирова мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz Газета.Ru-ға сілтеме жасап.

Маманның айтуынша, гипотермия ағза жылуды өндіруден гөрі тез жоғалтқан кезде дамиды. Бұл көбіне суық суға түсу, аязда ұзақ жүру немесе желді ауа райында далада қалу кезінде болады. Алкоголь ішу, қатты шаршау мен әлсіреу де қауіпті күшейтеді.

Суықтың ағзаға әсер ету механизмі салыстырмалы түрде қарапайым: қан тамырлары тарылып, қан айналымы сыртқы тіндерден ішкі мүшелерге бағытталады. Алайда бұл қорғаныс реакциясы жүрек үшін қауіпті. Температураның өзгеруі жүректегі электр импульстерін бұзып, ырғақтың бұзылуына әкелуі мүмкін. Ал тамырлардың тарылуы миокардқа түсетін жүктемені арттырады. Созылмалы жүрек-қантамыр аурулары бар адамдар үшін мұның соңы инфаркт немесе инсультпен аяқталуы ықтимал.

Гипотермия тек жүрекке ғана емес, иммундық жүйеге де әсер етеді, ағзаның инфекцияларға төзімділігі төмендеп, қабыну процестерінің қаупі артады. Дәрігерлер суықта қалған жағдайда дереу жылы жерге кіріп, құрғақ киімге ауысып, жылытқыш қолдануға кеңес береді. Ал алкоголь ішіп "жылыну" – қауіпті иллюзия.

Тэгтер:

қауіп дене қызуы