Президент «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасының есебін тыңдады

Бүгін, 17:48 / Інжу Әлихан
Ақорда

Мемлекет басшысы «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингінің басқарма төрағасы Рустам Қарағойшинді қабылдады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Президентке холдингтің биыл атқарған қызметінің қорытындылары, сондай-ақ ұйымды трансформациялау және экономикалық дамудың стратегиялық басымдықтарын іске асыру аясында жүргізілген жұмыстар жөнінде баяндалды.

Рустам Қарағойшин биыл холдинг ел экономикасына жалпы сомасы 9 триллион теңге қолдау көрсеткенін айтты.

Оның мәліметінше, қаражат бизнеске жәрдем беруге, агроөнеркәсіп кешенін дамытуға, тұрғын үй құрылысы мен ипотекалық несиелерге бағытталған. Сондай-ақ осы жылы республика бойынша 25 мыңға жуық жоба қаржыландырылғаны жөнінде ақпарат берілді.

Кездесу барысында Рустам Қарағойшин «Даму» қоры базасында құрылған кепілдік қорларының қызмет нәтижелерін таныстырды.

Аталған қорлар шағын және орта бизнес жобаларын, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі мен инфрақұрылым салаларындағы ірі инвестициялық бастамаларға көмек көрсетеді. Сонымен қатар Басқарма төрағасы инвестициялық холдингтің жұмыс моделі туралы мәлімдеді. Бұл «Инвестицияға тапсырыс» қалыптастыру, ірі стратегиялық жобаларды сүйемелдеу, сондай-ақ тікелей шетелдік инвестицияларды тарту тетіктерін дамытуды қарастырады. Қазір жалпы құны 87 триллион теңгеге жуық, 1,5 мың инвестициялық жобадан тұратын пул жасақталды.

Президент инвестициялар тарту және экономиканың нақты секторын қаржыландыру аясын кеңейтудің маңызын атап өтті;

«Бәйтерек» холдингіне басым инвестициялық жобаларды одан әрі іске асыруды және экономикаға ұзақ мерзімді капитал тартуды қамтамасыз ету бойынша тапсырма берді.