Шай мен кофе өкпеге пайдасын тигізуі мүмкін

Бүгін, 18:45 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Шай мен кофені мөлшерімен тұтыну өкпе қызметін жақсартып, тыныс алу жүйесінің созылмалы ауруларына шалдығу қаупін төмендетуі мүмкін. Эдит Коуэн университетінің ғалымдары осындай қорытындыға келіп, нәтижелерін Food & Function журналында жариялады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Зерттеу UK Biobank деректеріне сүйеніп, шамамен 367 мың адамның тамақтану әдеті мен өкпе жұмысының көрсеткіштерін салыстырған. Ғалымдар форсирленген тыныс шығару көлемін, өкпенің тіршілік сыйымдылығын, қабыну деңгейін, сондай-ақ созылмалы обструктивті өкпе ауруы мен астма қаупін бағалады. Рационды нақтылау үшін сауалнамалармен қатар 24 сағаттық тамақтану күнделіктері де қолданылған.

Нәтижелерге қарағанда, күніне жартыдан екі шыныаяққа дейін шай немесе кофе ішу өкпенің жақсы жұмысымен, қабынудың төмен деңгейімен және ХОБЛ қаупінің азаюымен байланысты. Кофе тұтыну ересектер арасында астманың даму ықтималдығының төмендеуімен де ұштасқан.

Дегенмен, шайды шамадан тыс ішу кейбір топтарда кері әсермен байланыстырылған. Әсіресе, ешқашан темекі шекпеген адамдарда көп мөлшерде шай ішу ХОБЛ қаупін арттырғандай көрінген. Бірақ тыныс алу белгілері бар қатысушыларды есептен шығарғанда бұл байланыс жойылған. Кофеден мұндай әсер байқалмаған.

Зерттеушілердің айтуынша, негізгі қағида – ұстамдылық. Шай мен кофе салауатты рационның бір бөлігі бола алады, алайда мөлшерден асыру қосымша пайда әкелмейді.

Тэгтер:

шай кофе өкпе