Қапшағайдағы кісі өлімі: Қайықты жалға берген азамат сотталды

Бүгін, 16:26 / Алуа Арман
istockphoto.com

Қонаев қаласының соты Қапшағай су қоймасында демалушының қаза табуына байланысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Т есімді азамат, катерді басқарып, жалға беру қызметін көрсету барысында су көлігі қауіпсіздігін өрескел бұзып, соның салдарынан 23 жастағы ер адамның өліміне жол берген. Оның әрекеті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 344-бабының 2-бөлігі бойынша сараланды.

Тергеу барысында 2025 жылғы 2 шілдеде Т. есімді азамат катермен су қоймасының акваториясына ымырт уақытта, шектеулі көріну жағдайында әрі жолаушылардың рұқсат етілген санынан артық шығып кеткені анықталды.

Соның салдарынан ол шомылып жүрген азамат Б.-ны қағып кетіп, ол алған жарақаттардан қайтыс болған. 

Сот үкімімен Т. есімді азаматқа 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, сондай-ақ 2 жыл мерзімге су көлігі саласында қызмет атқару құқығынан айырылды. Сотталушы сот залында қамауға алынды.

Үкім заңды күшіне енді.

Қонаев қаласының прокуратурасы ескертеді: кіші көлемді су кемелерін пайдалану қағидаларын елемеу қайғылы жағдайларға жиі әкеледі. Судағы қауіпсіздік – жалға беру қызметін көрсететін және су айдындарына шыққан әрбір тұлғаның тікелей жауапкершілігі.

Тэгтер:

Қайық Қапшағай