Қарағанды облысында алғаш рет балаға кохлеарлық имплантация жасалды

Бүгін, 16:16 / Інжу Әлихан
Қарағанды облысының әкімдігі

Қарағанды облысында есту қабілеті ауыр дәрежеде бұзылған балаға жоғары технологиялы кохлеарлық имплантация алғаш рет сәтті жүргізілді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұған дейін мұндай күрделі хирургиялық араласулар тек Астана мен Алматы қалаларындағы республикалық клиникаларда ғана орындалып келген.

Отаны өткізу шеберлік сабағы форматында ұйымдастырылды. Облыстық көпбейінді балалар клиникалық ауруханасының дәрігерлері елордадан келген жетекші мамандардың бақылауымен жұмыс істеді. Аурухана директоры Арғын Бидайбаевтың айтуынша, өңірде осындай күрделі оталарды орындауға заманауи медициналық инфрақұрылымның қалыптасуы және кадрларды жүйелі даярлау мүмкіндік берген.

— ЛОР-бөлімшенің меңгерушісі мен сурдолог-дәрігер Санкт-Петербург пен Мәскеуде арнайы даярлықтан өтті, сондай-ақ Израильдің Хайфа қаласында қосымша практикалық тәжірибе жинақтады. Операцияны жүргізу үшін аурухана имплантат орнатуға арналған арнайы құрылғы мен жоғары дәлдіктегі хирургиялық микроскоп сатып алды, бұл ота барысында нақты визуализацияны қамтамасыз етеді, — деді Арғын Бидайбаев.

Кохлеарлық имплантация есту аппараттары тиімсіз болған ауыр есту бұзылыстары бар балаларға, соның ішінде туа біткен немесе жүре пайда болған толық саңыраулық кезінде жасалады. Имплантат ішкі құлаққа орналастырылып, электродтар арқылы есту жүйкесін тікелей ынталандырады. Ал дыбыстық процессор құлақтың арт жағына бекітіліп, іске қосылғаннан кейін дыбысты қабылдауды қамтамасыз етеді.

Науқастың жасы — 14-те.

— Ота сәтті өтті. Алғашқы қалпына келу кезеңі шамамен 10 күнге созылады, ал есту мен сөйлеу дағдыларының бейімделуі бір айға дейін уақыт алады, — деді ЛОР-бөлімшенің меңгерушісі Есімхан Нұржанов. — Осыдан кейін бала қоршаған ортаның дыбыстарын естіп, құрдастарымен еркін қарым-қатынас жасап, жалпы білім беретін мектепте білім ала алады.

Мамандардың мәліметінше, кохлеарлық имплантацияның тиімділігі жоғары. Отадан кейін бала сурдолог пен логопедтің тұрақты бақылауында болып, имплантат жасына және есту қажеттіліктеріне сәйкес жүйелі түрде бапталып отырады.

2026 жылға Қарағанды облысында осындай тағы он жоғары технологиялы операция жүргізу жоспарланған.

Алғашқы кохлеарлық имплантация өңірдегі балалар оториноларингология қызметінің негізін қалаушы Армия Біләловты еске алу күніне орай өткізілді.

Дәл осы маманның бастамасымен 1975 жылы облыстық балалар ауруханасында ЛОР-бөлімше ашылып, аталған бағыттың жүйелі дамуына негіз қаланды. Жақын арада аурухана ғимаратында оның құрметіне арналған мемориалдық стенд ашу жоспарланып отыр.