Қарағанды облысында 1953 жылы туған ер адамды іздеу жұмыстары тоқтаусыз жүргізіліп жатыр. Бұл туралы өңірлік Төтенше жағдайлар департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ведомствоның хабарлауынша, іздестіру шаралары Шет ауданына қарасты Ағадыр кенті маңында ұйымдастырылған. Алдын ала деректерге сүйенсек, азамат 18 желтоқсанда Toyota Land Cruiser көлігімен мал қарауға шығып, содан бері байланысқа шықпаған. Оның жоғалғаны жөніндегі ақпарат 21 желтоқсан күні сағат 01:55-те Қарағанды облысының ТЖД-на түскен.
Іздестіру-құтқару операциясына Қарағанды облысы ТЖД бөлімшелерімен қатар ҚР ТЖМ-нің 52859 әскери бөлімі, полиция қызметкерлері, еріктілер және жоғалған адамның жақындары жұмылдырылған.
Іздеу барысында екі ұшқышсыз ұшу аппараты, Starlink спутниктік байланыс жүйесі, сондай-ақ «Қазавиақұтқару» АҚ-ның әуе кемесі қолданылуда. Жұмыстар ықтимал бағыттар мен аумақтарды қамти отырып, тәулік бойы жүргізілуде.
Қарағанды облысының ТЖД жоғалған азаматтың жүрген жері туралы қандай да бір мәліметі бар тұрғындарды 112 нөміріне хабарласуға шақырады.