«Науқастың жағдайы өте ауыр»: Атырау облысында 25 жастағы электрикті тоқ соқты

Бүгін, 08:42 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Атырау облысында бағана басында жұмыс істеп жатқан 25 жастағы электрикті тоқ соқты. Дәрігерлердің сөзінше, науқастың жағдайы өте ауыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қайғылы жағдай үш күн бұрын Көктоғай ауылында болған. 25 жастағы Еламан Сағиевті жұмыс барысында тоқ соғып, денесінің 5 пайызын күйік шалған. Қолы мен аяғы және ішкі ағзаларына қатты зақым келген. Туыстарының айтуынша, қызмет барысында қауіпсіздік талаптары толық сақталмаған.

"Ауа райының қолайсыздығына байланысты апат көп қой, сондай кезде Көктоғайға шақырды. Түстен кейін сап сау кеткен. Екі жыл бұрын үйленген. Мамандығы – электрик. Баламның денесін күйік шалған. Еш жағдай айтпай жатыр", – деді жұмысшының анасы Гүлшат Бисенова.

Зардап шеккен жігіттің туыстары "мұндай жағдай бұрын да болған" дейді. Сондықтан тиісті мекеменің заңмен жазалануын талап етіп отыр.

"Туған інім тағы да осындай жағдайда көз жұмды. Онда да жауапсыз қалды. Енді мынадай жағдай. Өзіміз есеңгіреп қалдық. Баламыздың аман-есен үйге оралуын тілеймін. Қол-аяғы бүтін болып келсінші деп отырмын", – деді жұмысшының туысы Талғат Сағиев.

Қазір жұмысшының жағдайы өте ауыр. Астанадан келген дәрігерлер бақылауға алып, санавициямен орталыққа апару жағын қарастырып жатыр.

"Науқастың жағдайы өте ауыр. Тоқтан ішкі ағзалары, қол-аяғының күю жағдайы болады. Қазіргі уақытта науқасты орталыққа аудару мәселесі жүріп жатыр. Республикалық санавиация науқасты өз орталықтарына емін жалғастыруға алып кетуде. Қолы, басы, екі аяқтың саны мен балтыр тұсы күйген", – деді "Атырау облыстық ауруханасының" директоры Ербол Иманғалиев.

Ал Атырау-Жарық мекемесінің өкілдері еңбек шартына байланысты барлық қауіпсіздік шарасы қатаң сақталғанын алға тартады.

"Бізде барлық киім бар, бәрі нормативпен алынған, тексеруден өткізеді. Құзырлы органдар үстімізден қарап, қысы-жазы тексереді. Бірақ жұмыс жасап жатқанда жұмысшылар неге пайдаланбағаны тексеріс барысында белгілі болмақ", – деді энергиямен қамту мекемесінің директоры Мейірбек Ғұбашев.

Полиция еңбекті қорғау қағидаларын бұзу бойынша қылмыстық іс қозғады. Құзырлы орган мән-жайды майшаммен қарамақ. Ал зардап шеккен азаматтың туыстары бұл істі жылы жауып қоймаймыз деп отыр.