Алматыда студент оқытушыны жарақаттаған: жаңа деректер айтылды

Бүгін, 05:21 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Алматы университтерінің бірінде студент оқытушыны пышақпен жарақаттады деген күдікке ілінген болатын. Оқиға болған университет өкілдері бұл жайтқа пікір білдірді, деп хабарлайды КТК арнасы.

ALT University басшылығы зардап шеккен оқытушы суық қару ұстаған студентке ешқашан дәріс оқымағанын айтқан.

"Студенттің мұғаліммен еш қарым-қатынасы жоқ. Мұғалім ол студентке сабақ бермейді. Қандай да бір ортада келеңсіз жағдай болмаған. Оқу үлгерімі жақсы, сабақтан қалмаған. Жанындағы достары, студенттердің айтуынша, тұйық мінезді. Сабаққа келетін, кететін. Ол туралы мінездеме жоқ", - дейді ALT University аппарат жетекшісі Жәнібек Смадияров.

Телеарнаның хабарлауынша, оқиға өткен жұмада университет дәретханасында болған. Студент оқытушының артынан іле-шала кіріп, пышақпен мойнынан жаралаған. Абырой болғанда, сондағы күзет пен өзге де студенттер байқап қалып, оларды ажыратып үлгерген. Жарақат алған мұғалімді ауруханада тексеріп, кейін ол үйіне жіберілген. Ал екінші курс студенті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Қазір тергеу жүріп жатыр. Егер ол кінәлі деп танылса, 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Әзірге екеуара кикілжіңге не себеп болғаны белгісіз.

Оқиғаға қатысты қалалық ПД пікір білдірді.

"Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқиғаның өзге мән-жайлары анықалып жатыр", - делінген ПД ұсынған ақпаратта.