Астанада реновация бағдарламасын іске асыру жалғасуда, ал келесі жылы ол негізінен Байқоңыр ауданында жүзеге асырылады. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында елорда әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Уәлиханов көшесінен әрі қарай, «Артем» сауда үйіне қарама-қарсы аумақта, Кенесары көшесі бойымен Есіл өзеніне қарай бағытта 50–60-жылдары, соғыстан кейін салынған жеке ескі үйлер көп орналасқан 21 учаске анықталды. Қазіргі таңда оларды белсенді түрде бұзу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл учаскелер біз үшін өте ыңғайлы, өйткені барлық қажетті инфрақұрылым бар, яғни су, электр қуаты және өзге де инженерлік коммуникациялар қамтылған. Сонымен қатар ескі тұрғын үйлер реновациядан өтуде, ал сол үйлердің тұрғындарына ақшалай өтемақы беріледі немесе жаңа пәтерлерден тиісті тұрғын үй ұсынылады», – деді әкім.
Ол бас жоспар аясында болашақта тұрғын үй құрылысына арналған жаңа жер учаскелерінің саны азаятынын атап өтті.
«Негізінен бұл аумақтар әлеуметтік нысандарға беріледі. Ал, тұрғын үй құрылысы үшін ескі тұрғын үйлерді бұзу есебінен жер босатылады», – деп нақтылады Жеңіс Қасымбек.
Сондай-ақ жоспарлар қатарында Ботаникалық бақтан Abu Dhabi Plaza-ға дейін созылатын желілік саябақты жалғастыру бар. Осы нысандардың бірі қоғамдық кітапхана болады. Бұдан бөлек, Ботаникалық баққа қарама-қарсы аумақта балабақша мен емхана салу жоспарланып отыр.