Жаңа нәрсе үйрену алжудың алдын алады

Бүгін, 18:45 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Мидың "жастығын" сақтаудың ең тиімді жолының бірі – жаңа нәрсе үйрену. Тіл меңгеру, музыкалық аспапта ойнау немесе би сабағына қатысу – миға жаттығу залы сияқты әсер етеді. Қолданылмаған нейрондық «бұлшықеттер» әлсірейді, ал жаңа дағдылар жаңа байланыстарды қалыптастырады, деп хабарлайды turkystan.kz nypost.com-ға сілтеме жасап.

Маңыздысы – тапсырма тым оңай да, тым қиын да болмауы керек. Мысалы, гитара координацияны, зейінді және жадыны қатар іске қосады. Ұнамаса, ас әзірлеу немесе сөзжұмбақ та жарайды. Бір шарт бар: ми әрдайым жаңа соқпақпен жүруі тиіс.

Музыканың да үлесі зор. Жастық шақтағы әндерден тұратын плейлист көңіл күйді көтеріп қана қоймай, ләззат пен естелікке жауап беретін ми аймақтарын белсендіреді. Ал жалғыздықта технология көмектесед: хабарлама, қоңырау, бейнебайланыс.

Әлеуметтік қарым-қатынас мида BDNF деп аталатын ғажайып "тыңайтқыштың" көп бөлінуіне әсер етеді. Бұл молекула нейрондардың өсуін қолдайды. Зерттеулер жалғыздықтың миға зияны темекі шегу секілді қауіптермен пара-пар екенін көрсетеді. Себебі ол қабынуды күшейтіп, Альцгеймерге тән ақуыздардың жиналуын жеделдетуі мүмкін.

Физикалық белсенділік те ұмыт қалмауы керек. Күніне 3 мың қадамның өзі ми денсаулығына оң әсер етеді. Дүкенге жаяу бару, лифттің орнына баспалдақ таңдау сияқты іс-әрекеттер ұсақ-түйек  көрінгенімен, жинақтала келе нәтиже береді.

Деменцияның емі әлі табылмағанымен, алдын алу құралдары жеткілікті. Қозғалыс, үйрену, байланыс сияқты қарапайым әдеттер миды қорғаудың ең сенімді инвестициясы. Болашақта бұл инвестицияның дивиденді ұзақ әрі сапалы өмір болуы мүмкін.

Тэгтер:

Жаңа үйрену алжу