Ауыз қуысы гигиенасын сақтамау аутоиммунды дертке себеп болуы мүмкін

Бүгін, 18:15 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Ревматоидты артрит буын ауруы ғана емес. Бұл – ағзаның өзіне қарсы жұмыс істейтін аутоиммунды дерт. Иммундық жүйе буын қабығын "жау" деп танып, созылмалы қабынуды қоздырады. Нәтижесінде ауырсыну, ісіну және ұзаққа созылатын таңертеңгі сіресу пайда болады, деп хабарлайды turkystan.kz nypost.com-ға сілтеме жасап.

АҚШ-та бұл диагнозбен 1,3-1,5 млн адам өмір сүреді. Ауру көбіне 40-60 жас аралығында басталады, бірақ жас ерекшелігімен шектелмейді. Әйелдер арасында ревматоидты артрит ерлерге қарағанда 2–3 есе жиі кездеседі, ғалымдар мұны босанудан кейінгі және менопауза кезеңіндегі гормондық өзгерістермен байланыстырады.

Ревматоидты артрит тек буынмен шектелмейді. Қабыну көзге, өкпеге, жүрекке, қан тамырлары мен жүйке жүйесіне әсер етуі мүмкін. Мысалы, өкпеде тыртықтануға әкелетін интерстициалды өкпе ауруы дамуы ықтимал. Ал ұзаққа созылатын қабыну жүрек-қан тамыр ауруларының қаупін арттырады.

Аурудың себебі нақты анықталмаған. Генетика, тұқым қуалаушылық, қоршаған орта факторлары және темекі шегу тәуекелді күшейтеді. Ал соңғы зерттеулер күнделікті көзге елеусіз көрінетін бір әдетке назар аударады – ауыз қуысы гигиенасын сақтамау. Тісті дұрыс тазаламау мен қызыл иек аурулары кезінде бактериялар қанға өтіп, қабынуды күшейтеді. Ал қабыну – ревматоидты артриттің негізгі "отыны".

Классикалық белгілер – қол мен аяқтың ұсақ буындарының ісінуі, ауырсынуы және 45 минуттан ұзаққа созылатын таңертеңгі сіресу. Бұл – буын ауруының басты айырмашылығы. Салыстыру үшін, остеоартритте таңертеңгі сіресу әдетте 10 минуттан аспайды және көбіне 50 жастан кейін байқалады.

Диагностикада дәрігердің тексеруі, қан талдауы және рентген шешуші рөл атқарады. Емдеу де бұрынғыдан тиімді. Қазіргі тәжірибеде үш негізгі дәрі тобы қолданылады: классикалық синтетикалық DMARD препараттары (мысалы, метотрексат), биологиялық дәрілер және иммундық жасушалардың нақты жолдарын нысанаға алатын заманауи таблеткалар. Дұрыс емнің арқасында науқастар белсенді әрі ұзақ өмір сүре алады.

Қорытынды қарапайым, бірақ маңызды: буын ауырсынуын «жас келді ғой» деп елемеу қауіпті. Ал тіс тазалау – тек эстетика емес, кей жағдайда буын денсаулығын қорғаудың да бір жолы. Кейде үлкен аурудың алдын алу ең ұсақ әдеттен басталады.

Тэгтер:

дерт ауыз қуысы гигиена