Ақтөбеде абақтыда жазасын өтеп жатқан ер адам телефон арқылы танысқан әйелді алдаған. Ол «жақында бостандыққа шығамын, бірге боламыз» деп келіншектің сеніміне кірген, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ол шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығу үшін өзінің қылмыстық ісі бойынша жәбірленушіге келтірілген шығынды өтеуі қажет екенін, алайда қажетті қаражаты жоқ екенін айтқан.
Әйел оның сөзіне сеніп, 519 мың теңгені тікелей жәбірленушінің шотына аударған. Төлемнің түбіртегінде қаражатты сотталған адамның келтірген залалын өтеу үшін жібергенін көрсеткен. Осыдан кейін ер адамға қатысты атқарушылық іс жүргізу тоқтатылған.
Алайда махаббат хикаясы аяқсыз қалған. Ақша аударылған соң сотталған адам байланысын үзген. Алданғанын түсінген әйел сотқа жүгінген.
Іс Ақтөбе қалалық сотында қаралды. Сот шотына ақша түскен жауапкердің әрекетін заңды деп танып, қаражаттың шығынды өтеу ретінде қабылданғанын негізге ала отырып, талап арызды қанағаттандырудан бас тартты.
Кейіннен алданған әйел сотталған адамның өзіне қарсы талап арыз беріп, аударылған соманы қайтаруды талап етті.