Талдықорғандық әйел мысығын кір жуғыш машинаға салып жуған (ВИДЕО)

Бүгін, 12:32 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

Талдықорған қаласының тұрғыны мысықты әдейі кір жуғыш машинаға салып жуғанын WhatsApp-тағы статусына жариялаған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жануарға жасалған қатыгездік бейжай қарамаған қолданушылардың наразылығын тудырып, бейнежазба әлеуметтік желілерде кеңінен тарады.

Оқиға қоғамда қызу талқыланып жатыр. Threads желісінің пайдаланушылары e-Otinish платформасы арқылы жаппай шағым жолдауда. Қазіргі уақытта әйелдің жеке басы анықталып, оны іздестіру жұмыстары жүргізілуде.

Бейнежазба жарияланған сәттен бастап полиция жануарларға қатыгездік көрсету дерегі бойынша тексеру жұмысын бастады. Бейнежазба авторы аталған әрекетін «әзіл» ретінде түсіндіріп, кір жуғыш машинаның барабанына су қоспай бір рет қана айналдырғанын, кейін жануарды бірден шығарғанын мәлімдеді.

Тексеру барысында мысық ветеринар дәрігердің қарауынан өтті. Маманның қорытындысына сәйкес, қазіргі уақытта жануардың өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ. Дегенмен, бұл жағдай бойынша мысық иесі жануарларға қатыгездік көрсеткені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Құқық қорғау органдары ескертеді: жануарларға стресс, ауырсыну немесе ықтимал қауіп төндіретін кез келген әрекет – себептері мен жариялау формасына қарамастан жол берілмейді. Құрметті әлеуметтік желі қолданушылары! «Әзіл» мен шынайы өмірдің арасында нақты шекара болуы тиіс. Қаралым мен лайкқа ұмтылу қатыгездікті ақтай алмайды. Жануарлар — контентке арналған реквизит емес, олар қамқорлықты, жауапкершілікті және құрметті қажет ететін тірі жандар», – делінген хабарламада.