Мемлекет басшысының Жарлығымен 2025 жыл Қазақстанда «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Бұл бастама елдегі еңбек нарығын реформалауға, нарықтағы сұранысқа бейімделген кәсіби білім беруге, жұмысшы мамандарға жағдай жасауға және олардың беделін арттыруға, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, құқықтық тұрғыдан қорғауға бағытталған.
Үкімет техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалау мақсатында жұмысшы мамандықтар жылын ұйымдастыру жөніндегі республикалық жоспарды бекітті. Мұнда жаңа кәсіпорындар құру, сапалы жұмыс орындарын ашу, жұмыскерлердің біліктілігін арттыру, кадрлар даярлауда колледждермен бірлескен жұмысты жолға қою бойынша кешенді шаралар көзделген. Сонымен қатар, кәсіптік-техникалық білім беруді трансформациялаудың 2025-2027 жылдарға арналған Жол картасы қабылданды. Іс-шаралар жоспарында өңірлік ерекшеліктер ескеріле отырып жасалған Жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласы, техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялау, халықаралық деңгейдегі сертификатталған мамандарды дайындау, жұмысшы орындарын құру, жұмысшы мамандардың құқықтарын қорғау және мәртебесін көтеру қамтылды.
«Наурыз жұмыскер» бағдарламасы – көпке көмек
Премьер-Министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен Отбасы Банкі «Наурыз жұмыскер» жаңа бағдарламасын іске қосты. Бағдарлама талаптары бойынша азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін 7% (ЖТСМ 7,1%-дан 9,6%-ға дейін) және қалған барлық санат үшін 9 пайыздық (ЖТСМ 9,4%-дан 13%-ға дейін) мөлшерлемемен несие беріледі. Өтінімдерді қабылдау 2025 жылдың 17 наурызында басталды. Бағдарлама аясында жұмысшы мамандарға 72 млрд теңге көлемінде 2 440 несие беру жоспарланған.
Қазірге дейін 1 990 адам қоныстойын тойлады. Бағдарлама қатысушыларының барлығы құрылыс, электрэнергиясын беру және бөлу, автокөлік өндіру, кен, мұнай және газ өндіру мен өңдеу, сондай-ақ ауыл шаруашылығы, су ресурстары және ирригация салаларында еңбек етеді. Ең көп несие алғандар – өнеркәсіп және құрылыс саласының өкілдері (1 176 адам). Көлік саласының қызметкерлері – екінші орында (396 қатысушы). Ал үздік үштікті энергетика саласының мамандары (269 адам) түйіндейді. Қатысушылардың орташа жасы – 31 жас. Ал тұрғын үй алғандардың шамамен бесінші бөлігі – жұмысшы мамандығы бойынша жұмыс істейтін әйелдер.
WorldSkills Kazakhstan 2025 – жастарға демеу
Фото: bilim.expert
Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Астанада WorldSkills Kazakhstan 2025 ұлттық чемпионаты өтті. Іс-шара барысында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің үздік студенттері мен жас мамандары марапатталды.
WorldSkills Kazakhstan чемпионаты жас мамандарды, педагогтерді, салалық сарапшыларды және бизнес қауымдастықты біріктірген маңызды алаңға айналды.
Чемпионатқа еліміздің барлық өңірінен 800-ден астам колледж студенті қатысты. Биылғы чемпионат колледж студенттері арасындағы бәсекелестікті күшейтіп, олардың кәсіби даярлығын жаңа сапалық деңгейге көтерді.
WorldSkills Kazakhstan – еліміздегі кәсіби білім сапасының негізгі индикаторы және дағдылар мен құзыреттіліктердің басты шеберлік алаңы. Биыл чемпионат 45 біліктілік бойынша өтті. Биыл қатысушылар саны 1,5 есе өсті.
Чемпионат қорытындысы бойынша жалпы медальдар саны – 53 алтын, 55 күміс, 59 қола медаль, сондай-ақ 213 «Ерекшелік» медальондары табыс етілді. Жалпыкомандалық есепте Алматы қаласы – 60 баллмен бірінші орынға шықты. Павлодар және Ақмола облыстары – 56 баллмен екінші орынды бөлісті. Ал Түркістан мен Қарағанды облыстары – 55 баллмен үшінші орынға тұрақтады.
2025 жылғы чемпионаттың басты жаңалығы – еңбек нарығындағы сұраныс пен технологиялық трендтерге сай 15 жаңа біліктіліктің енгізілуі болды.
Аталған чемпионаттың жеңімпаздары Қазақстанның ұлттық құрамы сапына қосылып, 2026 жылы Қытайда өтетін WorldSkills International чемпионатында ел намысын қорғайды.
Отызға жуық еңбеккер марапатталды
Қарашада Астанада ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумы өтті. Дәстүрлі жиынға 2 мыңнан астам адам, соның ішінде ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер, салалық қауымдастықтар мен халықаралық ұйымдар өкілдері, инвесторлар, ардагерлер, сондай-ақ аграрлық сала мамандықтарында оқып жатқан студенттер қатысты. Форумда Жұмысшы мамандықтары жылына орай еңбек адамдарына айрықша құрмет көрсетілді.
Мемлекет басшысының Жарлығымен еліміздің агроөнеркәсіп саласын дамытудағы аса үздік жетістіктері үшін «Степное» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (Ақтөбе облысы) директоры Аманғос Төлеуовке жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді.
Сондай-ақ Президент ауыл шаруашылығы саласының 30 еңбеккерін мемлекеттік наградамен марапаттады.
Атап айтқанда, бір адам – «Парасат» орденінің кавалері, саланың 6 өкілі «Құрмет» орденінің иегері атанды. II дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен 1 азамат, III дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен 10 адам, «Ерен еңбегі үшін» медалімен 6 еңбеккер марапатталды.
Айта кетерлгігі, Президент мемлекеттік наградалар жүйесіне жаңа құрметті атақтарды енгізуді ұсынды. Солардың бірі — «Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері» атағы. Бұл атақ ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлері мен мамандарының — мал шаруашылығы, егіншілік, фермерлік, агрономия, ветеринария, бағбандық және өзге де аграрлық бағыттағы еңбектерін, сондай-ақ ауыл шаруашылығына қызмет көрсететін, ғылыми және өзге де ұйымдардың мамандарының ел дамуына қосқан зор үлесін мойындау мақсатында тағайындалған.
Аталған форумда «Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы ауыл шаруашылығы саласында озат атанған төрт азаматқа алғаш рет тапсырылды. Олар — «Көксу қант зауыты» ЖШС директоры Алтынбек Абатов, «Новосельское» ЖШС агрономы Фаниль Габдулхаков, «Акселеу» ЖШС басшысы Серік Малаев, «Мөлдір» шаруа қожалығының малшысы Тұрар Сейітқалиев.
Fab-Lab инновациялық зертханасы – талантты жастар ордасы
Фото: bilim.expert
Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Талдықорған жоғары политехникалық колледжінде еліміздегі заманауи Fab-Lab инновациялық зертханасы ашылды. Инновациялық зертхана студенттердің инженерлік және цифрлық дағдыларын дамытуға бағытталған.
Fab-Lab (Fabrication Laboratory) — әлемнің жетекші оқу орындары қолданатын цифрлық өндіріс зертханалары желісінің халықаралық форматы.
Зертхана үш негізгі бағытта жұмыс істейді. Робототехника зертханасы – NAO гуманоид роботтары мен WorldSkills стандарттарына сай платформалар арқылы құрастыру және бағдарламалау дағдыларын дамытуға арналған. 3D модельдеу және 3D басып шығару зертханасы – Fusion 360, SolidWorks, Blender бағдарламаларында прототиптер мен цифрлық модельдер жасауға мүмкіндік береді. Жасанды интеллект зертханасы – Python, машиналық оқыту, компьютерлік көру және нейрондық желілер бойынша практикалық білім алуға бағытталған. Жаңа орталық студенттерге теорияны тәжірибемен ұштастырып, өз идеяларын іске асыруға, өнеркәсіп пен IT саласына қажетті жобалар әзірлеуге жол ашады.
150-ден астам студент шетелде білім алды
Фото: bilim.expert
Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Оқу-ағарту министрлігі техникалық және кәсіптік, сондай-ақ орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларының Реестрін әзірледі.
Реестр – бұл елдегі барлық колледж бағдарламалары туралы толық, өзекті әрі сенімді ақпарат алуға көмектесетін заманауи цифрлық ресурс.
Бүгінде Реестрде республика көлеміндегі 667 колледж ұсынған 181 мамандық бойынша 8 554 бағдарлама қолжетімді. Оның 96%-ы техникалық және кәсіптік білім (ТжКБ) , ал 4%-ы – орта білімнен кейінгі деңгейде. Бағдарламалардың 55%-ы мемлекеттік тілде әзірленген.
Бағдарламалар техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін 2025–2027 жылдарға трансформациялау жөніндегі Жол картасы және Жұмысшы мамандықтар жылы аясында жүзеге асырылып келеді. Негізгі мақсат – тәжірибе алмасу, заманауи технологияларды меңгеру және болашақ мамандардың еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттыру.
Қазақстан колледждері халықаралық ынтымақтастық пен академиялық ұтқырлықты белсенді дамытып келеді. 2025 жылы шетелде еліміздің 10 колледжінен 150-ден астам студент білім алып, тәжірибеден өтті. Олар тамақтану, сервис, IT, энергетика, инжиниринг, дизайн және автомеханика бағыттары бойынша Түркия, Қытай, Қырғыз Республикасы, Франция, Испания, Оңтүстік Корея, Өзбекстан, Ұлыбритания, Германия және Швейцария елдерінде қысқамерзімді курстардан, тәжірибеден және тағылымдамадан өтті.
Жыл басынан бері 8 мыңнан астам кәсіби бағдар беруші педагог даярланды. 1300 мектеп оқушысы жұмысшы мамандықтарының базалық дағдыларын меңгеріп үлгерді.