Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров өңірдің агроөнеркәсіптік саласындағы инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Осы ретте министр ең алдымен «Eurasian Milk» сүт зауытына барды. Бұл — облыстағы қатты ірімшік өндіретін жалғыз кәсіпорын.
Жұмыс сапары барысында министр жылына 12 мың тонна өнім өндіруге қауқарлы қоюлатылған сүт цехын іске қосу рәсіміне қатысты.
Жобаның инвестициялық көлемі 5,2 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорын технологиялық жарақтандырылу деңгейі бойынша республика көлемінде алдыңғы қатарда. Барлық өндірістік желілер жетекші еуропалық өндірушілерден жеткізілген. Өндірісте тек Солтүстік Қазақстан облысы фермерлерінен алынатын шикізат пайдаланылып, толықтай табиғи әрі жоғары сапалы өнім шығарылады.
Өнім еліміздің барлық өңірлеріне жеткізілетін болады.
«Бұл өндірісті іске қосу — Президенттің ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамыту жөніндегі тапсырмасының орындалуының тағы бір нақты дәлелі. Бұл — жаңа жұмыс орындары, инвестициялар мен қосылған құн, сондай-ақ елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға қосылып жатқан үлес.
Кәсіпорынның жергілікті шикізатты және заманауи технологияларды пайдалануы отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттырады», — деп атап өтті Айдарбек Сапаров.
Одан кейін министр «Жасыл Солтүстік» жылыжай кешеніне барды. Бұл — өңірдегі төртінші буын санатындағы жалғыз жылыжай.
Жоба 2022–2023 жылдары іске асырылған. Инвестицияның жалпы құны 7,2 млрд теңге, оның ішінде 5,8 млрд теңге «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы (ӘКК) арқылы қарыз қаражаты ретінде тартылған.
Жылыжай кешенінің аумағы — 3,7 гектар, жер телімі жеке меншікке тиесілі. Қазіргі уақытта жылыжайда қияр өсірілуде, ал болашақта қызанақ пен көк шөп дақылдары есебінен өнім түрлерін кеңейту жоспарланып отыр. Кешен жылына 3 мың тоннаға дейін қияр өндіруге мүмкіндік береді, бұл өңірдің қажеттілігінің шамамен 30%-ын қамтамасыз етеді.
Өнім облыстың сауда желілеріне нарықтық бағамен жеткізіліп, маусымдық бағаны тұрақтандыруға және азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді.
Сондай-ақ Айдарбек Сапаров «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағы аумағында ашылған саңырауқұлақ фермасының жұмысымен танысты. Отандық инвестордың бастамасымен жүзеге асырылған жоба өңдеуді дамытуға, импортты алмастыруға және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған.
Жалпы инвестиция көлемі 11 млрд теңгені құрайды, оның жартысы мемлекеттік қолдау тетіктері, соның ішінде «Солтүстік» ӘКК мен «СҚО тәжірибесі» бағдарламасы арқылы қаржыландырылған. Бұл мемлекет пен бизнес серіктестігінің тиімділігін көрсетеді.
Кәсіпорынды арнайы экономикалық аймақ аумағында орналастыру инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге және қолданыстағы жеңілдіктерді пайдалануға мүмкіндік берді. Өндіріс Польшада шығарылған заманауи жабдықтармен жарақтандырылған. Жобалық қуатқа шыққаннан кейін ферма жылына 2 400 тонна шампиньон және 4 000 тонна компост өндіре алады. Бұл елдегі саңырауқұлақ өнімдеріне деген сұраныстың шамамен 25%-ын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жоба аясында 65 тұрақты жұмыс орны ашылды.
Министр аталған жобалар агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға, отандық инвесторларды қолдауға және жоғары қосылған құны бар заманауи өндірістер құруға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі екенін атап өтті.