Маңғыстау облысы бойынша техникалық реттеу және метрология департаментінің инспекторлары бақылау мақсатында сатып алу барысында белгіленген қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін дизель отынын сату фактісін анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Зертхана сынақтары нәтижелері бойынша ДТ-Л-К4 маркалы дизель отыны Кеден одағының «Автомобиль және авиациялық бензинге, дизель және кеме отынына, реактивті қозғалтқыштарға арналған отынға және мазутқа қойылатын талаптар туралы» ТР ТС 013/2011 техникалық регламентінің талаптарына сәйкес келмейтіні анықталды. Атап айтқанда, тексерілген өнімдегі күкірттің массалық үлесі 115 мг/кг-ды құрады, ал рұқсат етілген норма 50 мг/кг-дан аспауы тиіс, бұл белгіленген көрсеткіштен 65 мг/кг-ға артық екенін көрсетеді.
Анықталған заңбұзушылықтарға байланысты уәкілетті орган сотқа талап арыз жолдады. Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 19 қарашадағы шешімімен талап арыз толық көлемде қанағаттандырылды. Сот кәсіпкерлік субъектісін техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейтін ДТ-Л-К4 маркалы дизель отынының тәркіленген өнімін иелену, пайдалану және (немесе) оған билік ету құқығынан айыру туралы шешім қабылдады.
Сот актісіне сәйкес, көрсетілген өнім уәкілетті органның талаптарын және қолданыстағы заңнаманы сақтай отырып, иесінің өз қаражаты есебінен жоюға, кәдеге жаратуға немесе қайта өңдеуге, не Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерге шығаруға жатады.
Бақылау мақсатында сатып алуды жүргізу тұтынушылардың құқықтарын қорғауға, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және мұнай өнімдері нарығында техникалық реттеудің міндетті талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған.