Мемлекет басшысы жасанды интеллект технологиясын ЕАЭО қызметіне енгізуді ұсынды

21 желтоқсан, 2025 / Нұрлан Әлинұр
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында жасанды интеллект технологиясын ЕАЭО қызметіне енгізуді ұсынды, деп хабарлайды Ақорда.

Мемлекет басшысы ЕАЭО-ның экономикалық әлеуетін одан әрі нығайту қажет екеніне назар аударып, интеграциялық бірлестікті дамытудың басым бағыттарын айқындады.

– Әлем жаппай цифрлық трансформация мен жасанды интеллект дәуіріне қадам басты. Уақыт ағымынан қалмай, заманауи технологияларды ЕАЭО-ға мүше елдер экономикасының барлық саласына енгізу қажет деп санаймын. Жасанды интеллект технологиясын ЕАЭО қызметіне енгізе бастауды ұсынамыз. Атап айтқанда, мұндай жүйелерді сауда ағынын жоспарлауға және кедендік баж салығының ықпалын бағалауға қазірдің өзінде пайдалануға болады. Келесі жылы Қазақстан ұйымға төрағалығы аясында дәстүрлі Еуразия экономикалық форумын өткізеді. Осы жиында Экономикалық одақ кеңістігінде Жасанды интеллектіні жауапкершілікпен пайдалану туралы бірлескен мәлімдеме қабылдауға болар еді, – деді Мемлекет басшысы.