Синоптиктер Астанада ауа температурасының –25-27 °С дейін күрт төмендеуін болжайды. Құтқарушылар астаналықтарға қыс мезгіліндегі қауіпсіздік шаралары туралы еске салды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің баспасөз қызметі.
"Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға қолайсыз ауа - райы кезінде сақтық шараларын қатаң сақтауды, дауылды ескертулерді қадағалауды және мүмкіндігінше алыс сапарлардан бас тартуды ұсынады", - делінген хабарламада.
Дауылды ескертулер, ауа-райының нашарлауы, сондай-ақ қала аумағында автомобиль жолдарының жабылуы туралы ақпаратты СМС-ескертулер, интернет-ресурстар және әлеуметтік желілер арқылы қадағалау ұсынылады.
Сонымен қатар, құтқарушылар азаматтардың назарын қысқы кезеңде әлі толық күшіне енбеген мұзға шығу қаупіне аударды және су айдындарында қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды.