Талдықорған қаласында күйеуінің қолынан қаза тапты делінген 32 жастағы Айзат Жұманованың өліміне байланысты қозғалған іс бойынша сот талқылауы әлі де жалғасып жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz baq.kz-ке сілтеме жасап.
Бұған дейін мәлім болғандай, сот отырысына тәуелсіз сот-медициналық сарапшы Тахир Халимназаров шақырылып, істің мән-жайына қатысты тың деректерді ортаға салды.
Салтанат Нүкенова мен Шерзат Полаттың өліміне байланысты қоғамда үлкен резонанс тудырған істерде сот алдында пікір білдірген тәжірибелі маман бұл жолы марқұм Айзат Жұманованың мәйіті эксгумацияланғаннан кейін жүргізілген комиссиялық сараптама құрамында болған.
Сарапшының айтуынша, зерттеу мәйітті қайта қазып алу арқылы жүргізілген. Осы жұмыс барысында алғашқы сараптама кезінде тіркелген барлық жарақаттар, сондай-ақ кейін анықталған қосымша зақымдар толық әрі мұқият қайта зерделенген. Қорытынды нәтижеге сәйкес, марқұмның денесіндегі жарақаттардың барлығы тірі кезінде салынған. Ал қол-аяқтағы сүйретілу іздері өлімнен кейін пайда болғаны анықталған.
Сараптама барысында бұғанаға жақын орналасқан бірінші қабырғаның сынғаны белгілі болған. Мұндай зақым алғашқы қарау кезінде көзге бірден түсе бермейді. Соққының қатты болғаны, сыртқы жағынан тигені және сыну сызығының ішке қарай бағытталғаны анықталған. Бұл жарақаттың нақты қандай тәсілмен — затпен, жұдырықпен немесе қатты жерге құлау салдарынан пайда болғанын нақты айту қиын. Марқұмның денесінде жарақаттар көп, беті мен денесінің әр бөлігінде көгерген іздер бар. Сонымен қатар шүйде сүйектері сынып, зақым бас сүйегінің негізіне дейін тараған. Осындай жарақаттардың жиынтығы ауыр бас-ми жарақатына әкеліп, өлімге себеп болғанын сарапшы түсіндірді.
Тахир Халимназаров өлімнің тікелей себебі ретінде ауыр бас-ми жарақатын атады. Оның айтуынша, бұл бет тұсына бірнеше мәрте соққы жасалып, соның салдарынан бас сүйегінің сынуымен байланысты. Мұндай жарақаттар жұдырықпен де, аяқпен де соққы беру нәтижесінде туындауы мүмкін.
Марқұмның бұғанаға жақын орналасқан бірінші қабырғасы сынғаны анықталған. Мұндай жарақатты денені алғаш тексеру кезінде байқау оңай емес. Соққы өте қатты болған әрі сырт жақтан тиген, сыну сызығы ішке қарай кеткен. Бұл зақымның нақты неден, қандай да бір заттан, жұдырықтан немесе қатты жерге құлау салдарынан пайда болғанын дәл айту қиын. Денеде жарақаттар көп, беті мен денесінің әр тұсында көгерген іздер бар. Сондай-ақ шүйде сүйектері сынып, жарақат бас сүйегінің негізіне дейін өткен. Осындай зақымдардың жиынтығы ауыр бас-ми жарақатына әкеліп, өлімге себеп болған, - деп түсіндірді Тахир Халимназаров.
Сотта қойылған сұрақтарға жауап бере отырып, сарапшы барлық жарақаттардың қысқа уақыт аралығында салынғанын мәлімдеді. Сондай-ақ ол Айзат Жұманованың жүкті болғаны туралы тараған ақпаратты негізсіз деп жоққа шығарды.
Еске сала кетейік, Жетісу облысы Ақсу ауданына қарасты Баласаз ауылында маусым айында 32 жастағы Айзат Жұманова аса қатыгездікпен қорлау салдарынан көз жұмған. Марқұмның жақындары оны күйеуі азаптап, кейін аттың еріне байлап, далада сүйретті деп айыптады.
Туыстары денедегі жарақаттардың сипаты ұзақ уақытқа созылған әрі өте қатал зорлық-зомбылық болғанын аңғартатынын алға тартады.
Медициналық қорытындыға сәйкес, марқұмда ауыр бас-ми жарақаты, бас сүйегінің негізі, жамбас сүйектері мен аяқ-қолдарының сынуы, сондай-ақ көптеген сыдырылған жарақаттар анықталған. Айзат Жұманова 22 маусымға қараған түні сағат 02:30 шамасында Талдықорғандағы облыстық ауруханаға жеткізілгенімен, араға жарты сағат салып дәрігерлер оның қайтыс болғанын тіркеген. Алайда жақындары Айзаттың ауруханаға жетпей көз жұмғанына сенімді. Сонымен бірге олар марқұмның киімі ауыстырылғанын айтады, себебі үстіндегі киімінде қан да, зорлық-зомбылық белгілері де болмаған. Туыстары мұны қылмыстың ізін жасыруға бағытталған әрекет ретінде бағалап отыр.
Марқұмның жақындары істі "аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру" бабы бойынша қайта саралауды талап етіп отыр.