Ауыр дертке шалдыққан актер Мұрат Бисембиннің қызы мәлімдеме жасады

Бүгін, 22:46 / Өтей Торғайұлы

Актердың желіде Jemappelledali есімімен тіркелген қызы әкесінің ауыр дерті жайында айтып берді, деп хабарлайды turkystan.kz.

"Менен жиі «Әкеңіздің жағдайы қалай?» деп сұрайды. Бұған біржақты жауап беру қиын. Жағдай әрқалай: кейде жақсарады, кейде нашарлайды. Дегенмен біз әрдайым позитивті көңіл күйді сақтауға, барлық жағымсыз ойды алыстатуға тырысамыз. Өз парақшамда көбіне жақсы сәттерді ғана көрсетемін: жаттығулар, дайындық, жарыстар, жақындарымның да, өзімнің де жетістіктерім, сондай-ақ күнделікті қарапайым өмір. Біз жақсыны ғана жеткізуге тырысамыз, бірақ көп нәрсе кадр сыртында қалады. Ата-анам әр ісімізді үнемі қолдайды, жетістіктерімізге әрдайым қуанады. Әкем — мен білетін ең мықты адамдардың бірі. Ол рухани жағынан да, физикалық жағынан да өте күшті. Осы бір жарым жылда әкем мен анам талай сынақтан өтті: бір ауруханадан бір ауруханаға, бір клиникадан бір клиникаға… Шексіз талдаулар, емдеу, химиятерапия, қайта қалпына келу және тағы басқа. Қайта айтамын, көп нәрсе кадр сыртында қалып қояды — мұның бәрін көрсету де, бәрін айтып жеткізу де мүмкін емес. Қазір әрқайсымызда тек бір нәрсе бар — сенім. Жақсылыққа деген сенім. Әкемнің міндетті түрде жағдайы жақсарып, жеңілдеп кететініне сенім. Ерте ме, кеш пе ремиссияға шығатынына сенім. Бұл жағдайдағы ең ауыр нәрсе — естелік. Бәрі жақсы болған күндердің, әкемнің дені сау, қуаты тасып тұрған шағының естелігі. Қазір әкем күресін әлі де жалғастырып келеді. Бәрі жақсы болады. Әмин. Бізбен бірге жақсылыққа сенетін баршаңызға рақмет. Бұл біз үшін өте қымбат", - деп жазды ол.
 

Тэгтер:

дерт Мұрат Бисембин