Атырау облысында аң аулауға кетіп, кейін жоғалып кеткен ер адамды іздеу жұмыстары аяқталды. Atyrau Oil редакциясының хабарлауынша, аңшының мәйіті далада табылған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ер адам 14 желтоқсанда аң аулауға шығып кеткеннен кейін туыстарымен байланысқа шықпай қойған. Бұл жағдай алаңдаушылық туғызып, іздестіру-құтқару шаралары ұйымдастырылған.
Іздеу жұмыстарына құтқарушылар, полиция қызметкерлері және еріктілер тартылды. Іздестіру барысында Ботахан кен орны маңынан жоғалып кеткен ер адамға тиесілі УАЗ автокөлігі табылған. Алайда аңшының өзі сол кезде табылмай, іздеу жұмыстары жалғасқан.
Қазіргі уақытта ер адамның мәйіті табылды. Оқиғаның мән-жайы мен өлімнің нақты себебі анықталып жатыр. Тиісті тексерулер тағайындалған.
— Жылыой ауданында қамыс арасында 1964 жылы туған ер адамның мәйіті табылды. Айта кетейік, ол ер адам 15 желтоқсанда іздеуге жарияланған. Қазір тиісті тексеру шаралары жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді, — деп хабарлады полиция.