Күн өткен сайын уақыт неге жылдамдап барады?

Бүгін, 18:15 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Жас ұлғайған сайын уақыттың зымырап өтетіндей көрінуі поэтикалық метафора емес, нейробиологиялық үнемдеу режимі. Ғалымдардың айтуынша, ми күндерді емес, естеліктерді санайды. Ал жаңа әсер азайған сайын, жыл да «қысқарып» шыға келеді, деп хабарлайды turkystan.kz phys.org-ке сілтеме жасап.

Зерттеулер екі маңызды тұжырымды көрсетеді. Біріншісі – уақытқа назар аударған сайын, ол баяулайды. Сондықтан кезек пен қызыл бағдаршам адамға мәңгілікке созылғандай әсер қалдырады. Ми секундтарды тіркеп, әр сәтті бөлек «кадр» ретінде сақтайды.

Екіншісі – жыл ұзақтығы сағатпен емес, есте қалған оқиғалардың санымен өлшенеді. Қайталанатын күндер, бірсарынды жұмыс, өзгермейтін орта – бәрі бір-біріне ұқсас естеліктерді ғана қалдырады. Нәтижесінде, жадта кадр аз, ал жыл – қысқа.

Бұл құбылыстың практикалық салдары бар. Уақытты "ұзартудың" жалғыз жолы – өмірге жаңалық қосу. Жаңа маршрутпен жүру, жаңа дағды үйрену, бейтаныс адамдармен араласу немесе тіпті күн тәртібін сәл өзгерту миды қосымша естеліктермен толтырады.

Экономика тілінде айтсақ, ми – өте тиімді менеджер. Артық деректі сақтамайды. Бірақ біз оған жаңа "инвестиция" салсақ, уақыт та қайтадан баяулай бастайды. Жылдардың ұшып кетуі – тағдыр емес, көбіне өмір салтының салдары.

Тэгтер:

уақыт жылдам өмір салты