Бір ай бұрын Димаш Құдайбергеннің Еуропадағы концерттік туры аясында Германияда ерекше жағдай болды. Берлин әуежайында Димашты көрген чилилік жанкүйер бірден қолына домбырасын алып, «Ерке сылқым» күйін ойнай бастады. Әуежайдағы жолаушылар тізерлеп отырған Андреаның өнеріне тәнті болып тұрған сәтте, Димаш пен әкесі Қанат Айтбаев көпшілік жиналған жерге жақындап, бұл тосын сыйға таңғалысын жасырмады. Кейін Қанат Айтбаев оның домбырасының құлағын келтіріп, соңында екеуі әуежайда қазақ күйін бірге орындап, көпшілікті тағы бір тамсантты. Осы ретте Берлин әуежайында Димашты домбыраның үнімен қарсы алған 31 жастағы чилилік Андреа Луэнго Сайнспен хабарласып, аз-кем сұхбаттасқан едік.
– Бір ай өтсе де, Берлин әуежайында тізерлеп, домбыраны шебер тартқаныңыз таспаланған видеоға көпшілік әлі ақжарма тілегін жазып, таңғалып жүр. Байқап қарасам, Димаштың концертінен қалмайтын секілдісіз. Қай жылдан бері жанкүйерсіз?
– Негізі, мен Чили астанасы – Сантьяго қаласындағы ауруханада медбике болып жұмыс істеймін. Димаштың шығармашылығын 6 жыл бойы бақылап келемін. YouTube-та вокалмен айналысатын ұстаздың Димаштың өнерін бағалап, арнайы түсірген видеосын кездейсоқ көріп қалдым. Димаштың ән айтқанына қатты тамсанғаным сонша, оның ешкімге ұқсамайтын дауысы жүрегімді қозғап жіберді. Сол сәттен бастап оның туындыларын жиі тыңдап жүрдім. Кейінірек Димаш туралы көп дерек біле бастадым. Әсіресе, оның туған еліне деген толассыз сүйіспеншілігі, өз отбасына деген айрықша құрметі, шынайылық пен адамгершілікті бәрінен биік қоятын айрықша қасиеті қатты ұнады. Сөйтіп, оның нағыз жанкүйеріне айналдым.
Бүгінге дейін Димаштың 9 концертіне бардым. Соның ішінде 5 күн бұрын Ригада өткен соңғы концертін тамашалаудың сәті түсті. Бұл Димаш пен оның командасы ұйымдастырған Tau Ishinde Challenge-інен кейін мүмкін болды. Сайыс ережесіне сәйкес, «Тау ішінде» атты жаңа бейнебаянына ең қызық видео түсіру шарт еді. Маған сол конкурстың жеңімпазы атанып, нәтижесінде Димаштың Еуропадағы концерттеріне тегін бару бақыты бұйырды.
– Шетелдегі концерттерінен бөлек, Алматы, Астанадағы концерттеріне де арнайы келген екенсіз. Алматы несімен есте қалды? Астана ше?
– Былтыр Алматыға барғандағы алған әсерім әлі есімде. Маған өте қатты ұнады. Алматы мен қазір тұрып жатқан Сантьяго қаласына ұқсайды. Екі қаланың да айналасы биік таулармен қоршалған. Аз уақыт болсам да, бірнеше әсем саябақты аралап үлгердім. Саябақтары расында керемет көмкерілген. Маған Алматы өте таза әрі қауіпсіз қала болып көрінді. Ұлттық тағамдарының дәмі ерекше ұнады. Ондағы тұрғындардың мейірімділігі мен қонақжайлығына риза болып қайттым. Әрі олардың көмегімен Шарын шатқалын, Көлсай мен Қайыңды көлдерін тамашалап қайттым. Қазақстанның табиғаты расында керемет екен! Алдағы уақытта да көпшілік тамсанатын басқа да қалаларын аралап, керемет елмен таныстығымды жалғастырғым келеді. Димаштың былтыр Астанада өткен концертінен де ерекше тамсанып қайттым. Маған онда бәрі, бәрі ұнады. Әсіресе, қаланың сәулеті мен салтанатын асырып тұрған әдемі ғимараттар көздің жауын алады. Мен расында Қазақстанға қайта барғым келеді. Қазақстан – қанша барсам да, онда тағы да саяхаттаудан шаршамайтын жалғыз мемлекет.
– Домбыраны төкпелетіп тартып отырғаныңызды бағамдап, онлайн үйрететін кәсіби маманнан сабақ алған болар деп ойласам, ұлттық аспабымызды YouTube арқылы, өз бетіңізбен үйренгеніңізді естіп-білдік. Расында солай ма?
– Иә, домбыра шертуді өз бетімше үйреніп жүрмін. Мен тіпті де кәсіби музыкант емеспін. Арнайы білімім де жоқ. Музыкамен айналысып жүргеніме бір жылға жуықтады. YouTube платформасынан домбыраны дұрыс шерту туралы роликтер көп көремін. Соның көмегі көп тиді. Десе де, шеберлігімді шыңдай түсу үшін кәсіби маманнан қуана-қуана сабақ алар едім.
– Қазір қанша күй орындай аласыз?
– 15-ке жуық күй тарта аламын. Соның ішінде сүйсіне, талай рет ойнайтын туындылар – «Ерке сылқым», «Балбырауын», «Адай», «Әлқисса» және «Алаш аманаты».
– Сантьяго көшелерінде домбыра тартып тұрғаныңызды бір видеодан көріп қалдым...
– Иә. Әдетте, Димаштың концертінен бір күн бұрын өтетін жанкүйерлер кездесуінде домбыра тартамын. Димаштың жанкүйерлері мені қалыс қалдырмай, үнемі шақырады. Бұл – мен үшін үлкен мәртебе. Дарынды күйші Айгүл Үлкенбаевамен Астанада бірге домбыра тартқан сәт әлі есімде. Онымен бірге аспапта ойнау – менің арманым еді. Мен ол сәтті еш ұмытпаспын! Одан бөлек, Димаштың Чилидегі жанкүйерлер тобы оның өнері мен қазақ мәдениетін насихаттау үшін түрлі қалалық іс-шараларды жиі өткізеді. Сол іс-шараларға жиі қатысып, домбырада бірнеше композиция орындап беремін. Сонымен қатар Қазақстанның Чилидегі елшілігі өткізетін ивенттерден де қалмауға тырысамын.
– Сондай-ақ өз еліңіздегі радиолардың бірінде домбырамен өнер көрсеткен екенсіз...
– Чилиде Equipo de Difusion Dears Chile деп аталатын Димаштың жанкүйерлер тобы бар. Олар Димаштың өнерін насихаттайтын радиобағдарлама ашқан-тын. Ара-тұра мені сонда шақырып тұрады. Мен онда домбырада бірнеше туынды ойнап беремін. Олардың мені елеп-ескеріп, жиі шақыратынына ризамын.
– Елде көп таралған Берлин әуежайындағы видеоның тарихы туралы айтып берсеңіз.
– Ол уақытта Лондоннан Берлинге ұшып келген едім. Әуежайда жүрген Димаштың жанкүйерлерінен оның да дәл осы әуежайда жүргенін естідім. Бұл – баға жетпес сәт. Мен бұл сәтті жылдар бойы армандадым. Домбыра ойнап жүргеніме үш жыл болды. Бұл киелі аспапты қолға алған сәттен бастап-ақ Димаштың алдында тартуды қалай армандағанымды білсеңіз?! Сондай-ақ, оның қолтаңбасын алуды армандадым. Сол кезде Димашты алғаш рет көруім. Бірінші рет онымен тілдесудің сәті түсті. Сол естен кетпес сәтті қазір еске алсам, жүрегім өрепкіп сала береді. Қанат мырза – сондай мейірімді жан! Мені көргенде өз домбырасын алып шығып, менімен бірге тарта жөнелгенде қатты таңырқадым. Бақыттан басым айналып, төбем көкке бір елі жетпей отырдым! Бұл ұмытылмас күн болды! Осы сәт таспаланған видеоны әлеуметтік желідегі парақшама жүктеп, Қанат мырзаны тегтегенімде, ол өз парақшасына қоса жариялады. Нәтижесінде, көпшілік ақжарма тілек пен ыстық лебізін аямай, мерейімізді асырып жіберді. Мұндай жылы сәттер мені домбыраны одан бетер жақсы тартуға итермелейді әрі қоржыныма қазіргіден де көп туынды қосуға түрткі болды.
– Facebook, Instagram-дағы жеке парақшаларыңызды Андреа Құдайберген деп жазып қойғаныңызға қарап, көпшілік тегін ауыстырған ба деп ойлап қалса керек.
– Әдепкіде әлеуметтік желілерде Димаш туралы контент жариялай бастағанымда ол аккаунтты қалай атарымды білмей, бас қатырғаным бар. Бұған жай қарауға болмайтынын түсіндім. Неше түрлі атау қоюға болатын еді, алайда Димашқа қатысты ғана контент жариялап жүргендіктен, өз атымды қалдырып, қасына оның тегін қосқанды құп көрдім. Сол кезде көпшілік бұл парақшаның оның шығармашылығына арналғанын бірден біледі. Уақыт өте келе, аккаунтқа жазылушылар саны арта түсті. Мені көпшілік Андреа Құдайберген деген атпен тани бастады. Сондықтан Димаштың тегін қолдануды жалғастыра бергенді жөн санадым. Мен Құдайберген тегін асқан құрметпен қолданамын! Көпшілік ойлағандай, өз тегімді ауыстырмас та едім, себебі мен өз ата-анамды шексіз жақсы көремін. Андреа Құдайберген – әлеуметтік желідегі парақшамның атауы ғана.
Көп жыл бойы Димаштың арқасында фан-кездесулерде, концерттерде, әлеуметтік желілерде көп жақсы адаммен таныстым. Мен секілді әлемнің әр бұрышында Димаш туралы парақша жүргізетіндермен көп іс тындырдық. Расында, әлемге жайылған бұл фэндомның бір бөлігі болғаныма бек қуаныштымын!
– Ендігі меже қандай?
– Менің негізгі мақсатым – әлеуметтік желілер арқылы мүмкіндігінше көп адамды Димаштың шығармашылығымен таныстыру. Маған жанкүйерлерге, біздің фэндомға енді қосылған өнерсүйер қауымға контент әзірлеген сондай ұнайды. Әлемнің түпкір-түпкіріндегі жанкүйерлердің Димашты менің парақшамдағы видео арқылы танығанын айтқанда ерекше күй кешемін! Мұндай жазбалар әлеуметтік желіде ол туралы түрлі креатив дүние салуға желпіндіреді. Димаш қазіргіден де атақты болуға әбден лайық! Ол бар жақсыға лайық!
Сұхбаттасқан –
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ