Үкімет пен Ұлттық Банк халықтың табысын жыл сайын «инфляция + 2-3 пайыз» формуласымен өсіруді көздеп отыр.
«Инфляция + 2-3%»
Үкімет пен Ұлттық Банк бірлесіп әзірлеген 2026-2028 жылдарға арналған макро-экономикалық тұрақтандыру бағдарламасында халық табысы жыл сайын «инфляция + 2-3%» деңгейінде өсуге тиіс деген мақсат қойды. Ұлттық Банк төрағасы Тимур Сүлейменов бұл туралы 17 желтоқсанда өткен Үкімет отырысында мәлімдеген болатын. Алайда құжаттың толық мәтіні жарияланған жоқ, яғни жауаптылар бұл мақсатқа қалай, қайтіп жетуді көздеп отырғандары әзірге беймәлім.
Егер әңгіме нақты жалақы емес, атаулы жалақы турасында болса, қуануға әлі ертерек деген сөз. Атаулы жалақының статистикалық өсімін халықтың табысы расымен өскен-өспегенін дәлелдейтін индикатор деп қарау дұрыс нәтиже бере бермейді. Керісінше, ол шынайы жағдай мен ресми көрсеткіштердің арасындағы қайшылықты ашып көрсетеді. Мәселен, Ұлттық статистика бюросының дерегіне қарасақ, Қазақстандағы орташа номиналды жалақы 2025 жылдың үшінші тоқсанында 429 368 теңгеге жетті, бұл 2024 жылдың осы кезеңіндегі жалақыға қарағанда 10 пайызға артық. Жалпы, орташа есеппен алғанда, жалақы бірнеше пайызға өскені туралы ресми деректерді тоқсан сайын оқимыз. Қағазда бәрі өсіп жатыр. Бірақ бұл өсім инфляцияның «жемі» екені әдемі, алты таңбалы сандардың тасасында қалып қала береді.Ал енді Еуразиялық экономикалық комиссияның дерегіне қарайық. 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша елімізде нақты табыс 0,4 пайызға қысқарған. Қырғыз Республикасы, Беларусь пен Ресейде де атаулы жалақы өсіп отыр, бірақ өсім инфляцияны басып озған. Нәтижесінде, нақты жалақы Қырғыз Республикасында 10,9 пайызға, Беларусьте 10 пайызға, Ресейде 4,5 пайызға өскен. Демек, мәселе жалақының өсуінде емес, ол өсім яғни инфляцияны қаншалықты жеңе алатынында. Еліміздегі атаулы табыстың қағаз жүзіндегі өсімі экономикадағы құрылымдық мәселелерді бүркемелеп тұр. Өнімділік баяу өсіп келеді, еңбек нарығының сапасы аймақтар мен салалар бойынша әртүрлі, ал инфляцияның қысымы онсыз да буып тұр. Мұндай жағдайда атаулы жалақы қанша өссе де, халықтың тұрмыс деңгейін шын мәнінде жақсарта алмайды.
Тағы бір жайт бар. Кейінгі он жылда Қазақстанның ЖІӨ-і шамамен 55 пайызға өскен. Алайда осы кезеңде медианалық жалақы небәрі 24 пайызға ғана өскен. Экономист Бақберген Тоқтасынның есептеулеріне сәйкес, теңгемен есептегенде нақты жалақы 2011 жылдан бері 1,6 есеге өскенімен, долларға шаққанда ол керісінше екі еседен астам төмендеген. Яғни өсім бар, бірақ оны валюталық және инфляциялық факторлар «жеп қойған».
– Макроэкономикалық өсім жұмысшылардың көбінің табысына табыс қоса алған жоқ, тіпті олардың тұрақты валютада өлшенетін кірісіне мүлде айнала алған жоқ, – деген қорытынды жасайды сарапшы.
Таргеттеу талаптан шықты ма?
Halyk Finance сарапшылары Қазақстанда инфляциялық таргеттеу режимі енгізілгеніне 10 жыл толғанын еске салып, ауқымды зерттеу нәтижесін ұсынды. Сарапшылар Ұлттық Банктің осы бағыттағы жетістігін «икемді әрі даулы» деп бағалайды: базалық мөлшерлеме жоғары болғанына қарамастан, инфляция айылын жияр емес.
Неліктен? Сарапшылар мәселе тек орталық банктің саясатына байланысты емес екенін айтады. Олардың айтуынша, Үкіметтің қыруар шығыны мен жеңілдікті қаржыландыру, экономикадағы шикізатқа тәуелділік, қаржы нарығының дамымауы мен мемлекеттік бағалы қағаздардың өтімділігі төмен болуы – инфляция қысымын қалыптастырып отырған басты мәселелер. Соны-мен қатар Қазақстан сыртқы сынақтарға өте сезімтал, бұл монетарлық саясаттың тиімді жұмыс істеуіне мұрша бермейді.
Ұлттық Банк халық пен бизнестің инфляцияны күтуін басқару қажет екенін мойындаса да, нақты қадамдар жасалған жоқ. Сарапшылар атап өткендей, банк бұл тақырыпты ашық тек 2025 жылдың шілдесінде ғана көтеріп, «барлық мүдделі органдарды» бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Бірақ іс-қимыл жоспары әзірленбеген, кең көлемде талқыланбаған.
Halyk Finance монетарлық саясат тиімділігін арттыру үшін бұрыннан белгілі тәсілдерді қайта қарауды ұсынады: мемлекеттің араласуын азайтып, өнімділік пен әртараптандыруды арттыру, ақша-кредит саясаты мен фискалдық саясатты үйлестіру. Сарапшылардың пікірінше, қарсыциклдік фискалдық ережелер монетарлық құралдардан әлдеқайда күшті әсер етеді.
Қорыта айтқанда, сарапшылардың айтуынша, он жылдық тәжірибе көрсеткендей, базалық мөлшерлеме инфляцияны таргеттеудің жалғыз құралы емес, ол жалғыз өзі ешқандай ұшпаққа шығара алмайды, құрылымдық реформалар мен жан-жақты ойластырылған үйлесімді саясатсыз ол жарым-жартылай ғана жұмыс істейді.
Баға өсіміне болжам қандай?
Қарашаның қорытындысы бойынша жылдық инфляция төмендеп, 12,4 пайыз деңгейінде тұрақтады. Бұл ретте Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығының (AERC) сарапшылары 2026 жылдың І тоқсанынан кейін инфляцияның жаңа толқыны болады деп болжап отыр.
AERC бас директоры Жәнібек Айғазиннің айтуынша, Қазақстандағы қазіргі инфляция тек сыртқы факторлардың әсерінен ғана емес, ішкі экономикалық шешімдердің нәтижесінде де қалыптасып отыр. Атап айтқанда, жанар-жағармай бағасын кезең-кезеңімен босату, сондай-ақ энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту аясында жүзеге асырылып жатқан «тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы бағаның өсуіне ықпал етті. Тарифтердің қымбаттауы мен инфрақұрылымдық жобалар тауарлар мен қызметтердің өзіндік құнын арттырып, ел ішінде проинфляциялық орта қалыптастырып отыр.
Мемлекеттің экономиканы ынталандыру саясаты да бағаға түскен жанама қысымды күшейткен. «Бәйтерек» холдингі арқылы ірі жобаларды іске асыру экономикаға қомақты қаржы құюмен қатар жүреді. Сарапшының сөзінше, бұл да – инфляциялық үдерістерді үдететін факторлардың бірі.
Ішкі орта инфляцияға бейім тұратынын көрсетіп отыр. Сыртқы орта да сондай. Айырбас бағамы инфляцияға тікелей әсер етеді. Сондықтан Үкімет 2026 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін барлық тұтынушылар үшін коммуналдық қызметтер тарифін өсіруге мораторий енгізді. Бірақ мен мұны уақытша шара деп есептеймін. 2026 жылы бірінші тоқсаннан кейін баға өсімі қайта жалғасады, – дейді Жәнібек Айғазин.
Оның айтуынша, ең алдымен азық-түлік тауарлары мен қызметтер қымбаттайды. Бұл сегменттер әдетте шығындардың өсуіне және халықтың инфляциялық күтулеріне ең жылдам жауап береді. Ал баға динамикасын айқындайтын негізгі фактор ретінде сарапшы сыртқы ортаны, нақтырақ айтқанда, теңге бағамын атайды. Қазақстанда инфляцияға тигізетін айырбас бағамының әсері әкімшілік жолмен бағаны тежеу шараларынан әлдеқайда күштірек болып отыр.
Қаржы нарығының кәсіби қатысушылары арасында жүргізілген Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының кезекті сауалнамасы да болжамдардың біркелкі емес екенін көрсетеді. Қысқа мерзімде теңгеге қатысты болжамдар жақсарғанымен, инфляция, экономикалық өсім мен мұнай бағасы бойынша болжамдар керісінше, көңіл көншітпейді.
Бір айда 1 доллар 517,1 теңге деңгейінде болады деп күтіледі (бұған дейін – 532,8). Бұл Ұлттық қордан шетел валютасының сатылуы, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің операциялары, салық кезеңінің әсері, мемлекеттік бағалы қағаздарға бейрезиденттер ағыны және реттеушінің қатаң риторикасымен түсіндіріледі. Яғни, қысқамерзімді тұрақтылық негізінен әкімшілік және тактикалық факторлар есебінен туындап отыр. Алайда бір жылдық болжамдағы көрініс басқаша. 12 айдан кейін бағам 553,6 теңге деңгейіне әлсірейді деп болжануда. Бұған шикізат экспорты кірістерінің ықтимал төмендеуі және келесі жылы Ұлттық қордан трансферттердің шамамен екі есе қысқаруы себеп болмақ. Бұл теңгенің ортамерзімді перспективада сыртқы табысқа және фискалдық саясатқа тәуелді екенін тағы бір мәрте айқындайды.
Жалпы, сарапшылар алдағы 12 айда инфляция 11,7 пайыз деңгейінде болады деп болжап отыр, бұған дейінгі болжам – 11,2 пайыз. Инфляцияның өсуі баяуламаған жағдайда, қаңтар айында базалық мөлшерлеме 18 пайыз деңгейінде сақталады деп күтеді. Дегенмен бір жыл ішінде ол 16,5 пайызға дейін төмендеуі мүмкін.
P.S.
Ұлттық Банк төрағасы сұхбаттарының бірінде айтқандай, инфляция, ең алдымен, қарапайым халыққа ауыр тиеді. Шындығына келгенде, халық тапқан нанын инфляциямен бөлісіп жеп отыр. Осылайша, жалақы мен жалпы ішкі өнімнің өсімі елдің нақты, шынайы табысына оң әсер ете алмайды.
Осы аптада Үкімет баға мен инфляцияға қатысты екі жиын өткізіп, жоспарларын талқылады, әуелде айтып өткен «инфляция + 2-3%» бағдарламасы тағы бар. Дегенмен сарапшылар көрсетіп, түсіндіріп, айтып жүрген мәселелер сол күйі қалса, жоба-жоспарлардың нәтижесі жансыз статистика ғана болмақ.