Сенім сақшылары: біздің «Шерлок»

Бүгін, 15:00 / Арайлым Жолдасбекқызы

Қоғам тыныштығы – көзге көрінбейтін ерліктің нәтижесі. Күнделікті өмірде біз қалыпты тіршілік кешіп жүрген сәтте, ел ішінде қауіптің алдын алып, азаматтардың өмірі мен құқығын қорғау жолында полиция қызметкерлері тәулік бойы қызмет атқарады. Қылмысқа қарсы тұру, төтенше жағдайларда адам өмірін арашалау, қоғамдық тәртіпті сақтау – үлкен жауапкершілік пен жанқиярлықты талап ететін қызмет.

Алайда қоғамда тәртіп сақшыларына де­­ген көзқарас біркелкі емес. Кейбір ке­лең­сіз оқиғалар мен сенімге сызат түсір­ген әре­кеттер салдарынан халықтың по­лицияға сенімсіздігі әлі де бар екені жа­сырын емес. Бұл – бүгінгі қоғамның шын­дығы. Дегенмен көп­шілік назарынан тыс қалып жатқан, қыз­мет барысында ер­лігімен көзге түскен по­лиция қыз­мет­керлерінің адал еңбегі мен ба­тырлық іс­тері жетерлік. Қызметтік мін­де­тін орын­дау барысында батылдығымен көз­ге түскен полицейлердің еңбегін еш те­­­ріс­тей алмаймыз. Өзгенің өмірі үшін өз ба­сын бәйгеге тіккен, ерлікпен қаза тап­қан, адам­дарды ажалдан құтқарған по­лицей­лер­дің мысалы мыңдап сана­лады.

Атырау өңірі тергеуші Темірхан Хажмұратовты жақсы таниды. Тіпті, оны әлеуметтік желіде «Біздің «Шерлок» деп атап кеткен. 28 жастағы Темірхан Хажмұратов көбіне кісі өл­тіру, зорлау, балаларға қатысты қылмыстар сияқты аса қауіпті істерді тергейді. Мұндай қылмыстарды ашуда қате­ліктің құны өте жоғары.  
Темірхан полиция қызметкері болуды жас кезінен армандаған. Ішкі істер министрлігінің Б.Бейсенов атындағы Қара­ғанды академиясын бітіріп, Атырауда тергеуші болып қыз­мет еткен жылдар ішінде ол облыстық департаменттегі ең тәжірибелі қызметкердің біріне айналды. Ол бір уақытта 4-5 істі қатар алып жүреді. Әрқайсысын мұқият талдап, дә­лел­дер жинау көп уақыт талап етеді. Осындай жүктемеге қарамастан өз ісіне тиянақты қарайтын, жауапкершілігі жоғары маманның 2024-2025 жылдары тергеген үш та­ны­мал ісі бойынша сот күдіктілерді өмір бойына бас бос­тан­ды­ғынан айыруға үкім шығарды. 
Біріншісі – 7 жасар қызды мас ер адам зорлағаны, ар­тын­ша қылмысын жасыру үшін өлтіргені. Қыздың денесі Құр­сай өзені маңынан табылған. Қылмыскер өмір бойына бас бостандығынан айырылды.
Екіншісі –  NCOC компаниясы қызметкерінің өлімі. Жөн­деу шебері ретінде сенімге кірген бұрын сотталған ер адам әйелді пышақтап өлтіріп, мүлкін алып қашқан. Күдікті Маң­ғыстауда ұсталып, сот үкімімен өмір бойына бас бос­тан­дығынан айырылды.
Үшіншісі – 2024 жылғы 18 қазанда жоғалған 23 жас­тағы Яна Легкодимованың ісі. Темірхан бастаған топ Яна­ның денесі табылғанға дейін-ақ дәлелдерді жинаған. Олар өшірілген хаттарды қалпына келтіріп, күдіктілердің цифр­лық іздерін тінтіген. Тергеу изоляторындағы адамдар арқы­лы аудиохабарламаларға қол жеткізген. Осындай тыңғы­лық­ты зерттеудің арқасында тергеушілер айыпталу­шы­лар­дың айтпаған дүниелерін ашқан.
– Бұл істе ең қиыны Янаны өлтірген Хайыржанов пен Қатимов екеніне бұлтартпас дәлелдер табу болды. Олардың іші­нара мойындауы және оқиға орнынан видеолар бар, бірақ олар нақты дәлел болмайды, тіпті айыпталушыларды қорғап алуы да мүмкін. Бұл істе бұлтартпас дәлел «В кон­такте» желісіндегі хаттар болды. Кісі өлімін тергегенде, әдет­те тергеушілер оның алдындағы оқиғаларға терең үңіл­мей, нақты өлімнің өзіне назар аударады. Бірақ Яна ісін­де айыпталушылардың бір-біріне жазған хаттары оқи­ғаның толық көрінісін құрады. Хаттарда олардың өлтіруді талқылағаны, жоспарлағаны, не туралы сөйлескені және одан кейін өздерін қалай сезінгені бар. Сол себепті де жа­зыл­ған хаттар бұл тергеудің негізгі кілті болды. Оқиға бол­ған жердегі бейнебақылау камерасындағы жазбаға баса назар аудардық. Бүкіл бейнебақылау камераларындағы жаз­баларды мұқият қарап шығу оқиға болған жерді табуға мүм­кіндік берді, – дейді аға тергеуші Темірхан Хажмұратов сұх­батында.
Темірхан қолға алған істердің барлығы айыптау үкімі­мен аяқталады. Ол мұны қаталдықпен емес, әр детальды жіті бақылап, дәлелдемелер базасын сапалы қалып­тас­тыру­мен байланыстырады.
– Тергеуші немқұрайлы бола алмайды, бірақ эмоцияға беріл­меуі керек. Әр істің артында адам тағдыры тұрады. Сондықтан сезімге ерік беру – қателікке апаратын жол. Өз жұ­мысыма Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген сөзін қағида етіп алғанмын. Тергеуші үшін ішкі тәртіп пен сабыр – ең басты қару. Сол себепті кез кел­ген істі эмоциямен емес, дәлел және заңмен шешемін, – дейді маман. 

Иә, адам тағдырына бейжай қарамайтын адал полицейлер арамызда аз емес. Бірінші кейіпкеріміз қағаздағы «суицидтің» тасасында қалған қылмысты ашып, әділ үкімге жол ашса, екіншісі аязды түнде мұз құрсауында қалған жанды ажалдан арашалап қалады, үшіншісі ең ауыр қылмыстардың шындығын дәлелмен сөйлетіп, қылмыскерді заң алдында жауапқа тартады. Өз қауіпсіздігін кейінге ысырып, өзгенің өмірі үшін тәуекелге баратын осындай азаматтардың әрекеті – мамандыққа адалдықтың, антқа беріктіктің айқын дәлелі. Сондай-ақ полиция қызметкерінің ар-ұяты, кәсіби табандылығы мен селқоя қарамауы. Олардың ерлігі тек бір адамның өмірін құтқарумен шектелмейді, ол – қоғам мен полиция арасындағы сенімді нығайтуға жасалған нақты қадам. 

Тэгтер:

Шерлок