224 елді мекенді сумен қамтамасыз ететін 13 су құбыры пайдалануға беріледі – министрлік

Бүгін, 13:22 / Інжу Әлихан
Үкімет

Су ресурстары және ирригация министрлігі 469 мыңнан астам адам тұратын 224 елді мекенді сумен қамтамасыз ететін 13 топтық су құбырын пайдалануға беруге дайындалуда, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Үкімет қызметінің жылдық қорытындыларына арналған баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

«Оның ішінде 32 мың тұрғыны бар 43 елді мекен алғаш рет орталықтандырылған сумен жабдықтауға қосылған. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында Есіл топтық су құбырын реконструкциялау жобасы аясында 52 ауылдағы ауызсу мәселесі жақсартылды. Бұл елді мекендерде 35 мыңнан астам адам тұрады.

Жоба аясында 100 шақырымнан астам су құбыры желісінде жұмыстар жүргізілді. Ұлытау облысында жүзеге асырылып жатқан Есқұла су құбырын салу жобасы нәтижесінде 75 мыңнан астам тұрғыны бар елді мекендердің ауызсумен қамтылу деңгейі жақсаруда», —  деді Нұржан Нұржігітов.

Өткен жылы 6 облыста 8 топтық су құбырын реконструкциялау және салу аяқталғаны, бұл 208 мың адам тұратын 49 елді мекенді сумен жабдықтау жүйесін едәуір жақсартуға мүмкіндік бергені атап өтілді.