Қоғам тыныштығы – көзге көрінбейтін ерліктің нәтижесі. Күнделікті өмірде біз қалыпты тіршілік кешіп жүрген сәтте, ел ішінде қауіптің алдын алып, азаматтардың өмірі мен құқығын қорғау жолында полиция қызметкерлері тәулік бойы қызмет атқарады. Қылмысқа қарсы тұру, төтенше жағдайларда адам өмірін арашалау, қоғамдық тәртіпті сақтау – үлкен жауапкершілік пен жанқиярлықты талап ететін қызмет.
Алайда қоғамда тәртіп сақшыларына деген көзқарас біркелкі емес. Кейбір келеңсіз оқиғалар мен сенімге сызат түсірген әрекеттер салдарынан халықтың полицияға сенімсіздігі әлі де бар екені жасырын емес. Бұл – бүгінгі қоғамның шындығы. Дегенмен көпшілік назарынан тыс қалып жатқан, қызмет барысында ерлігімен көзге түскен полиция қызметкерлерінің адал еңбегі мен батырлық істері жетерлік. Қызметтік міндетін орындау барысында батылдығымен көзге түскен полицейлердің еңбегін еш терістей алмаймыз. Өзгенің өмірі үшін өз басын бәйгеге тіккен, ерлікпен қаза тапқан, адамдарды ажалдан құтқарған полицейлердің мысалы мыңдап саналады.
Сондай оқиғалардың бірі – маңғыстаулық тергеушінің «суицид» деп тіркелген істің шын мәнінде өзін-өзі өлтіруге жеткізу екенін анықтап, айыптыларға өмір бойына бас бостандығынан айыру үкімінің тағайындалуына «себепкер» болуы.
Кейде тергеу барысында жіберілген бір ғана қателік ақиқаттан адастырып жіберетіні бар. Шындық тасада қалып қояды. Соның кесірінен шын кінәлілер еркіндікте тайраңдап, кінәсіздер жаза арқалап жатады. Алайда «қағазда бәрі дұрыс» болса да істің байыбына бармай тынбайтын мамандар болады. Өзінің кәсіби ұстанымы, ұқыптылығы және жауапкершілігімен көзге түскен полиция қызметкері – Маңғыстау облысы Полиция департаментінің аға тергеушісі, полиция майоры Берік Ондасынұлы Әлжанов. Оның кәсіби әрі табанды жұмысының арқасында бастапқыда суицид ретінде тіркелген іс жан-жақты зерттеліп, қайғылы оқиғаның шынайы себептері анықталып, кінәлілер нақты жазаға тартылды.
2024 жылғы 18 мамырда «102» қызметіне Ақтаудағы 19-шағынаудандардың бірінде, тұрғын үйлердің арт жағынан жас әйелдің мәйіті табылғаны туралы хабарлама түсті. Аталған дерек алғашында өзін-өзі өлтіру бабы бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Алайда тергеп-тексерудің алғашқы кезеңінде-ақ суицид екеніне күмән келтіретін жайттар анықтала бастайды. Тергеу тобы оқиға орнын мұқият қарап, маңызды іздер мен айғақтарды тіркеп, заттай дәлел ретінде бірқатар бұйымдар мен киімдерді тәркіледі, кейін сот-медициналық сараптамасы тағайындалды.
Тергеушінің күдігін марқұмның жақындарының берген түсініктемелері де күшейте түсті. Құрбысының айтуынша, қайғылы оқиғадан бірнеше күн бұрын қыз денесіндегі соққы іздерін көрсетіп, өз қауіпсіздігіне алаңдайтынын айтып, үйінде уақытша тұруды сұраған. Сондай-ақ ол белгісіз ер адамдардың көшеде күштеп көлікке отырғызып, қала сыртына алып кеткенін, ұрып-соғып, қорқытып, ақша талап еткенін айтқан.
Кейін тергеу барысында жәбірленушіге қатысты бірқатар ауыр қылмыстар жасалғаны анықталды. Олардың қатарында заңсыз бас бостандығынан айыру, күш қолдану, бопсалау және мәжбүрлеу әрекеттері бар.
Мұндай қылмыстарды ашуда сөзден бұрын іспен әрекет еткен ұтады. Түсініктеме – тексеру – фактімен растау – сараптама – дәлел – процессуалдық шешім. Тергеуші Әлжановтың жетекшілігіндегі топ болған оқиғаны кезең-кезеңімен «қалпына келтіре алды».
Тергеу аясында ауқымды әрі тиянақты жұмыс жүргізілді. Бастысы, бұлтартпайтын айғақтар табылды. Атап айтқанда, күдіктілердің қозғалыс бағыттарын қалалық бейнебақылау камералары арқылы анықтау; бейнежазбаларды уақыт пен орын бойынша талдау және сәйкестендіру; сот-медициналық, биологиялық және молекулалық-генетикалық сараптамалар жүргізу; санкцияланған тәртіппен қаржылық операциялар мен банк шоттарын тексеру; қылмыс жасауға пайдаланылған көлік құралдарын тәркілеу және мүлікке тыйым салу.
Ерекше маңызға ие болғаны – кешенді психологиялық-психиатриялық сараптаманың қорытындысы. Онда күдіктілердің қылмыстық әрекеттері мен жәбірленушінің өзін-өзі өлтіруі арасында тікелей себеп-салдарлық байланыс бар екені анықталды.
Тергеу деректеріне сәйкес, айыпталушылар жауапкершіліктен жалтаруға тырысқан. Соған қарамастан, барлық күдіктілер анықталып, Қылмыстық-процестік кодекс талаптарына сай ұсталды. Сот оларды қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады. Тергеу барысында алынған жауаптар топтың әрекет ету тізбегін толық қалпына келтіріп, жиналған дәлелдемелерді нақтылай түсті.
Осылайша, суицид деп тіркелген іс қайта қаралып, ол өзін-өзі өлтіруге жеткізу және өзге де ауыр қылмыс құрамдары бойынша қайта сараланды.
Сот үкімінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 299-бабының 4-тарма-ғы – есірткі құралдарын заңсыз тасымалдау, зорлық пен мәжбүрлеу арқылы жасалған әрекет ерекше орын алды. Дәл осы бап бойынша негізгі айыпталушыға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Бұл – Қазақстан сотында дәл осы бап бойынша өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы алғаш рет қолданылды. Сот жәбірленушіге есірткі заттары күшпен енгізілгенін, мұның физикалық әрі психологиялық зорлықпен қатар жүргенін және бұл жағдай оның ауыр психоэмоциялық күйге түсуіне, ақыр соңында суицидке баруына себеп болған негізгі факторлардың бірі екенін анықтады.
Іс толық қаралғаннан кейін, оның ішінде апелляциялық саты нәтижелері бойынша да, барлық фигуранттар жазаға тартылды. Біреуі – өмір бойына, біреуі – 16 жылға, тағы үшеуі – 13 жылға бас бостандығынан айырылды.
Істің ақ-қарасын ажыратып, әділетті қорғаған тергеуші Әлжанов Берік Ондасынұлы ішкі істер органдарында 2013 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Осы жылдар ішінде ол шаблонмен емес, істің мәніне үңілетін, деректерді талдап, дәлелдерді салыстырып, сотта шешуші сөзді айғақтардың өзіне сөйлететін маман ретінде танылды.
Мұндай істерде нағыз қаһарман – аз сөйлеп, көп іс тындыратын, күн сайын қысымға төтеп беретін, әрбір детальді тексеріп, қылмыскерлердің тасада жасырынуына жол бермейтін адам.
Дәл осындай кәсіби әрі табанды ұстанымның арқасында әділдік қалпына келіп, адамды өлімге итермелегендер заң алдында қатаң жауап берді.
Иә, адам тағдырына бейжай қарамайтын адал полицейлер арамызда аз емес. Бірінші кейіпкеріміз қағаздағы «суицидтің» тасасында қалған қылмысты ашып, әділ үкімге жол ашса, екіншісі аязды түнде мұз құрсауында қалған жанды ажалдан арашалап қалады, үшіншісі ең ауыр қылмыстардың шындығын дәлелмен сөйлетіп, қылмыскерді заң алдында жауапқа тартады. Өз қауіпсіздігін кейінге ысырып, өзгенің өмірі үшін тәуекелге баратын осындай азаматтардың әрекеті – мамандыққа адалдықтың, антқа беріктіктің айқын дәлелі. Сондай-ақ полиция қызметкерінің ар-ұяты, кәсіби табандылығы мен селқоя қарамауы. Олардың ерлігі тек бір адамның өмірін құтқарумен шектелмейді, ол – қоғам мен полиция арасындағы сенімді нығайтуға жасалған нақты қадам.