Қостанай облысында «Кітап оқитын ұлт» жобасына 55 мыңға жуық тұрғын қатысып жатыр

Бүгін, 10:30 / Дана Ізтілеуова

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамда жаппай кітап оқу мәдениетін қалыптастыру жөніндегі бастамасын жүзеге асыру мақсатында Қостанай қаласында 18 желтоқсан күні «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры мен «Олжа-Агро» ЖШС өңірдегі кітап оқу мәдениетін дамытуға арналған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжатқа қордың атқарушы директоры Аян Сакошев және «Олжа-Агро» агрохолдингі бас директоры Әлішер Қожаназаров қол қойды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Негізгі мақсат – Қостанай облысында «Кітап оқитын ұлт» жобасын жүзеге асыру арқылы тұрғындарды кітап оқуға баулу.

«Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры жобаның мазмұнын, шығармашылық және ұйымдастырушылық бөлігін толық қамтамасыз етеді, ал «Олжа-Агро» ЖШС жобаның қаржылық демеушісі ретінде қолдауды көрсетпек.

Бұл серіктестік – мемлекет, бизнес пен қоғамдық ұйымның бірлескен күшімен кітап оқитын ұлт қалыптастыру бағытындағы бірлескен қадамдардың бастамасы.

 2025 жылдың қыркүйек айында басталған «Кітап оқитын ұлт» жобасы бүгінде өңірдің әр бұрышын қамтып, жүздеген мың адамның жүрегіне жол тапты.

Қазіргі күні жобаға 55 мыңнан астам тұрғын қатысып жатыр. Бұл – облыс халқының белсенділігінің жарқын дәлелі. Аудан орталықтарында, ауыл мектептерінде, кітапханаларда кітап оқу марафоны жалғасып жатыр: балалар, студенттер, мұғалімдер, ата-аналар бір мезгілде бір кітапты оқып, оны талқылап, әлеуметтік желілерде суреттерін бөлісуде.

Жобаны «AMANAT» партиясының қолдауымен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры және Қостанай облысы әкімдігі жүзеге асырып жатыр. Өңірлік демеуші – «Олжа Агро» ЖШС агрохолдингі.

«Қостанай облысы әкімдігі ретінде біздің басты міндетіміз – қоғамдық ұйымдардың, бизнес өкілдерінің және мемлекеттік органдардың күш-жігерін біріктіру және қолдау. Қостанай облысында интеллектуалдық капиталды қалыптастыру – бұл біздің ортақ болашағымыздың негізі. «Кітап оқитын ұлт» жобасы осы мақсатқа жетудің ең жарқын үлгісі», – дейді Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов.

«Біз үшін кітап оқу – бұл тек мәдениет емес, интеллектуалдық капиталдың негізі. «Олжа-Агро» ретінде біз өңірдің дамуына үлес қосуға әрқашан дайынбыз. «Кітап оқитын ұлт» жобасына қолдау көрсету – біздің әлеуметтік жауапкершілігіміздің ең маңызды бағыты», – дейді «Олжа-Агро» ЖШС Бас директоры Әлішер Қожаназаров.

«55 мың қатысушы – бұл тек сан емес, бұл біздің халықтың оқуға деген құштарлығының көрінісі. Бұл жоба кітап оқу индустриясын қайта жандандырады, жаңа оқырмандарды қалыптастырады және ұлттың рухани өсуіне серпін береді деген сеніміміз бар», – дейді «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының Атқарушы директоры Аян Сакошев.

 

Тэгтер:

Қостанай облысы «Кітап оқитын ұлт» жобасы