Жаңаөзен қаласында Кендірлі мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен “Шабыт шуағы” Grand ball–2025 байқауы қала мәдени өміріндегі айтулы оқиғалардың біріне айналды. Әсем әуен мен сымбатты қимыл үйлескен бұл кеш көрерменге ерекше әсер сыйлап, өнер мен талғамның мерекесіндей өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Салтанатты іс-шара аясында ұйымдастырылған жұптық вальс биі көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Жалпы байқау барысында 24 жұп, яғни 48 жас өнерпаз сахна төрінде вальс ырғағымен қалықтап, өз шеберліктерін паш етті. Олардың қатарында Ұлттық ұланның 5548 әскери бөлімінен келген сегіз жұп та бар. Әскери қызметке тән тәртіп пен бидің нәзік көркемдігі үйлесім тауып, кештің көркін аша түсті.
Қазылар алқасының шешімімен Ұлттық ұланның 5548 әскери бөлімінің 1 жедел мақсаттағы батальонының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, аға лейтенант Дарын Баймағамбет ерекше шеберлігімен көзге түсіп, кештің “Үздік ханзадасы” атанды. Оның сахнадағы салмақты болмысы, серіктесімен үйлескен би қимылдары классикалық вальстың шынайы сәнін көрсете білді.
Аталған жетістік – әскери қызметшілердің тек жауынгерлік даярлықпен ғана шектелмей, рухани-мәдени тұрғыда да жан-жақты дамып келе жатқанын айғақтайды. Мұндай шаралар жастардың өнерге деген қызығушылығын арттыруға ықпалын тигізбек.