Семейде заманауи картон қаптамалар цехы ашылды

Бүгін, 14:12 / Інжу Әлихан
Абай облысы әкімдігі

Бүгін облыс әкімі Берік Уәли өңіріміздегі ірі экспорттаушы кәсіпорындардың бірі – «Казполиграф» ЖШС-нің жаңа өндірістік желісін – «Gable Top»  картон қаптамалар цехын салтанатты түрде іске қосу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Казполиграф» ЖШС өндіретін картон қаптама өнімдерінің 30 пайызы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдеріне, оның ішінде Ресей Федерациясына, Қырғызстанға, Өзбекстанға және басқа да нарықтарға экспортталады. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 30 мың тонна қағаз және картон қаптамасын, 2 мың тонна жабынды қағазды, 1,5 мың тонна полимерлік пленкадан жасалған қаптама бұйымдарын және 1 мың тонна басқа қағаз бен картон түрлерінен өндірілетін сығымдалған өнімдерді жасауға қауқарлы. Өндірісте 700-ге жуық адам еңбек етеді.

Мемлекет басшысының Абай облысын құру жайлы шешімі өңірге үлкен мүмкіндік берді. Көптеген өндіріс орындары қайта жандана бастады. Бүгін іске қосылған өндірістік желі – Еуразиялық экономикалық одақ пен Орталық Азия кеңістігінде халықаралық «Tetra Pak» стандарттары бойынша сертификатталған қаптама материалдарын шығаратын жалғыз кешен. Жобаның жалпы инвестициялық құны – 6 миллиард теңге. Жаңа желі 20-ға жуық жаңа тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Осы жылы компания өндірістік қуаттарды жаңарту бойынша ауқымды модернизацияны аяқтады. Еуропалық стандарттарға сәйкес заманауи жабдықтар сатып алынып, орнатылды. Бұл өндіріс көлемін шамамен төрт есе арттыруға және тапсырыстарды жедел орындауға мүмкіндік береді.

Өндірістік желінің ашылу салтанатында сөз сөйлеген аймақ басшысы жаңа зауыттың өңіріміздің индустриялық дамуына, экспорттық мүмкіндіктердің кеңеюіне және өндірістің инновациялық деңгейінің артуына бағытталған нақты қадам екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «өнеркәсіптік өндірісті дамыту – ел экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңызды факторы» деп атап өткен болатын.  Инвестициялық жобалар, өндірістегі технологиялық жаңғырту, жаңа жұмыс орындарының ашылуы – мұның бәрі Қазақстанның даму стратегиясының өзегі. Осы тұрғыдан «Казполиграф» компаниясының қосқан үлесі зор және бағалы. Бүгінгі күн – бұл тек жаңа өндірістік желінің іске қосылуы ғана емес, өңіріміздің индустриялық дамуына, экспорттық мүмкіндіктердің кеңеюіне және өндірістің инновациялық деңгейінің артуына бағытталған нақты қадам», – деді облыс әкімі.

Биыл өңірде өндіріс саласы қарқынды дамып келеді. «Qazaq Astyq Group» ЖШС 2026 жылдың бірінші тоқсанында жылына 72 мың тонна тазартылған күнбағыс майын өндіретін зауытты іске қосуды жоспарлап отыр. Жаңасемей ауданында ірі қара, қой және жылқы етін өңдейтін ет комбинатының құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар 2028 жылға дейін жылына 250 мың дана тері өңдейтін «Eastern Protein» ЖШС кәсіпорны мен жылына 36 мың тонна сүтті қайта өңдейтін «Ертіс Өнімдері» ЖШС зауыты іске қосылады. Бұдан бөлек майлы дақылдарды қайта өңдеуге бағытталған үш агрожобаны жүзеге асыру көзделген.

Тэгтер:

Семей