Жалпы құны – 3,7 млрд доллар: Президент Жапонияда ірі бизнес өкілдерімен кездесулер өткізбек

18 желтоқсан, 2025 / Дана Ізтілеуова
Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жапонияға ресми сапары аясында қол қойылатын коммерциялық келісімдердің жалпы құны 3,7 миллиард доллардан асады. Бұл туралы Президенттің көмекшісі – Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай хабарлады.

Президент Токиода жапониялық ірі бизнес өкілдерімен кездесулер өткізбек. Барлығы 40-тан астам құжатқа қол қою жоспарланған. 

Келісімдер энергетика, жаңартылатын қуат көздері, цифрландыру, тау-кен, көлік секілді негізгі салаларды қамтиды. 

Қазақстан тарапынан құжаттарға «Самұрық-Қазына», KEGOC, «Қазатомөнеркәсіп», «Тау-кен Самұрық», «Қазпошта», «Қазақстан темір жолы» компаниялары, ал Жапония тарапынан Marubeni, MUFG Bank, Mitsubishi Heavy Industries, Hitachi Energy, Toshiba, JOGMEC, Kansai Electric Power және RIKEN KOGYO сияқты компаниялардың өкілдері қол қояды.

Президенттің Жапонияға сапары аясында өзге де ресми келіссөздер мен іскерлік кездесулер өткізу жоспарланып отыр.

Тэгтер:

бизнес өкілдері Президент жапония