«Бұл уақытша өмір»: Бейбіт Ыстыбаев неге өкінетінін айтты

18 желтоқсан, 2025 / Нұрлан Әлинұр
kazpravda.kz

«Қазақстан барысының» үш дүркін жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаев журналист Ләйлә Сұлтанқызына берген сұхбатында кезінде спортқа дұрыс көңіл бөлмегені үшін өкінетінін айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Балуанның айтуынша, көп спортшы чемпион атанғаннан кейін өмір бойы құрмет пен қошеметке бөленемін деп ойлайды. Алайда бұл түсінік шындыққа жанаспайды.

«Қазір спортшылармен сөйлескенде бір нәрсені түсінбейтінін байқаймын. Чемпион болғаннан кейін өмір бойы қошемет көремін, төрде отырамын деп ойлап қалады. Бірақ олай емес екен. Бұл уақытша өмір. Өзім де солай ойладым», – дейді Ыстыбаев.

Ол сондай-ақ спортшылардың мінезі ауыр болып, тез өкпелеп қалатынын да тілге тиек етті.

«Оларды бір жерге жұмсаудың да өз жөні бар. «Бар, алып кел!» десең ешкім айтқаныңды істемейді. «Айналайын, ботақаным, палуан, бізге қарағанда жеңілдеусің ғой, барып келші» десең, алып келеді. Осындай кезеңнен біз де өттік», – деп толықтырды балуан.

Сонымен қатар Бейбіт Ыстыбаев жастардың уақыттың қадірін жете түсіне бермейтінін айтты.

«Біздің өзіміз кеш түсіндік. Әлем чемпионы болатындай мүмкіндік болды. Сол кезде дұрыс жаттығу жасамадым, баратын жерге бармадым, ұйықтап қалдым. Жас кезімде қырсықтау болдым, өзіңе сенімдісің, саған жақын тұрған адам жоқ екенін білесің. Содан кейін жата саласың, бармай қаласың. Таразда мені жаттықтырған Серік ағамның жыны келетін. «Бейбіт, сенің де орныңды басатын біреу келеді» деп айтатын. Ұрайын десе, жігіт болып қалғанбыз. Спортта режимді бұзбаған адам ғана чемпион болады», – деп түйіндеді ол.