Семейде ер адам аялдама маңында қайтыс болды

Бүгін, 23:07 / Өтей Торғайұлы

Семей қаласында орталық базар маңында, аялдаманың арт жағында ер адам құлап, қайтыс болды , деп хабарлайды turkystan.kz Аbainewskz парақшасына сілтеме жасап.

Куәгерлердің айтуынша, ер адам тазаланбаған тротуарда тайып түсіп, сол жерде көз жұмған. Облыстық жедел жәрдем станциясы қайғылы оқиғаның 16 желтоқсанда болғанын нақтылады. Сағат 13:47-де 103 нөміріне ес-түссіз жатқан ер адам туралы хабар түскен. Реанимация тобы оқиға орнына жеткенше, диспетчер телефон байланысын үзбей, куәгерлерге қашықтан жүрек-өкпе реанимациясының қарапайым тәсілдерін айтып отырған. Дәрігерлер келген кезде реанимация оқиға орнында басталып кеткен, бірақ ер адамды аман алып қалу мүмкін болмады.

Медицина қызметкерлері бұл жағдайдың көктайғақпен байланысты емес екенін айтты. Болжам бойынша, себеп — жедел жүрек жеткіліксіздігі. Олардың сөзінше, ер адамның жанында танысы болған. Ол жәбірленушінің кенеттен жағдайы нашарлап, алдымен тізерлеп отырып, кейін етпетінен құлап, қырылдай бастағанын айтқан.
 

Тэгтер:

Семей аялдама