Шымкентте дәрігерлер 16 магнит жұтып қойған 3 жасар баланың өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оtyrar.kz сайты қалалық балалар клиникалық ауруханасына іші қатты ауырған бала шұғыл түрде жеткізіліп, дереу күрделі медициналық көмек көрсетілгені жайында жазды.
"Ата-анасының айтуынша, бала ойнап жүріп бірнеше магнитті байқамай жұтып қойған. Қабылдау бөлімінде жүргізілген тексеру барысында баланың іш қуысында бөгде зат бар екені анықталып, рентгенологиялық зерттеу бұл күдікті нақтылады. Науқас шұғыл түрде хирургия бөлімшесіне жатқызылып, дәрігерлер жедел ота жасау туралы шешім қабылдады. Видеоэзофагогастроскопия кезінде асқазан қуысынан диаметрі шамамен 0,5 сантиметр болатын 16 магнит табылып, эндоскопиялық құралдардың көмегімен толық алынып тасталды", - деп жазылған ақпаратта.
Қазіргі уақытта баланың жағдайы тұрақты, өміріне төнген қауіп сейілді. Дәрігерлер дер кезінде жасалған медициналық көмектің асқынудың алдын алғанын айтады.