Ғалымдар миды қартаюдан қорғаудың қарапайым тәсілін айтты

Бүгін, 19:45 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Ғалымдар ми саулығын сақтаудың қарапайым, бірақ жиі елеусіз қалатын жолын атады. Қартайған шақта жады мен ойлау қабілетінің әлсіреуі көбіне табиғи үдеріс ретінде қабылданады. Алайда Шотландиядағы Сент-Эндрюс университетінің ғалымдары бұл үрдісті баяулататын нақты фактор бар екенін анықтады, ол – адамдармен араласу. Зерттеу нәтижелері The Journals of Gerontology Series B (JGSB) журналында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ғалымдардың тұжырымы айқын: мәселе адамның өзін жалғыз сезінуінде емес, оның нақты өмірдегі әлеуметтік байланыстарының азаюында. Яғни достармен, көршілермен, қоғаммен сирек араласу, қоғамдық өмірге араласпау, осының бәрі когнитивтік функциялардың жедел төмендеуіне ықпал етеді.

Зерттеу АҚШ-тағы Health and Retirement Study атты ауқымды жоба деректеріне негізделген. 2004–2018 жылдар аралығында 30 мыңнан астам адамның 137 мыңнан аса когнитивтік тесті талданған. Мұндай көлем ғалымдарға әлеуметтік оқшаулану мен жадының әлсіреуі арасындағы тұрақты себеп-салдарлық байланысты анықтауға мүмкіндік берген.

Маңыздысы – бұл әсер жынысқа, білім деңгейіне, этникалық немесе әлеуметтік топқа қарамастан байқалады. Яғни әлеуметтік белсенділік ми үшін әмбебап «қорғаныш факторы» саналады.

Зерттеу авторларының айтуынша, жалғыздық сезімі де белгілі бір рөл атқарады, бірақ шешуші фактор емес. Негізгі қауіп – объективті оқшаулану, яғни адам өміріндегі нақты қарым-қатынастардың сиреуі.

Сарапшылар бұл мәселенің өзектілігі пандемияға дейін-ақ жоғары болғанын еске салады. COVID-19-ға дейін дамыған елдерде 65 жастан асқан адамдардың шамамен төрттен бірі әлеуметтік тұрғыдан оқшауланған деп есептелген. Ал Альцгеймер ауруы мен деменцияның басқа түрлері әлі күнге дейін тиімді емі жоқ, ең қауіпті диагноздардың қатарында.

Зерттеудің жетекші авторы Джо Хейлдің айтуынша, нәтижелер әлеуметтік белсенділіктің тек эмоциялық емес, тікелей когнитивтік маңызын көрсетеді. Оның пікірінше, егде жастағы адамдарға тұрақты қарым-қатынас жасауға жағдай туғызу – қоғамдық денсаулық сақтау саясатының негізгі басымдықтарының бірі болуға тиіс.

Қысқасы, миды сақтау үшін қымбат дәрі немесе күрделі технология шарт емес. Кәдімгі әңгіме, ортақ іс, қоғаммен байланыс – қартайған шақтағы ақыл-ойдың ең қарапайым әрі тиімді "вакцинасы".

Тэгтер:

Вакцина ғалым ми қартаю қорғау