Шавкат Рахмоновтың жұбайы қатысқан жол-көлік оқиғасына қатысты тергеу аяқталуға жақын. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оның айтуынша, жол-көлік оқиғасын Жамбыл облысы полиция департаменті тергеп жатыр.
— Осы аптада соңғы сот сараптамасының қорытындысын алуды күтіп отырмыз. Одан кейін күдікті тұлғаның әрекеттеріне құқықтық баға беріп, материалдарды прокуратура арқылы сотқа жолдаймыз, — деді Санжар Әділов Мәжіліс кулуарында.
Еске салайық, 27 шілде күні сағат 08:50 шамасында республикалық маңызы бар «Алматы — Екатеринбург» автожолының 299-шақырымында жол-көлік оқиғасы болып, соның салдарынан екі адам қаза тапты.
Интернетте тараған ақпаратқа сәйкес, апатқа қатысқандардың арасында UFC жауынгері Шавкат Рахмоновтың жұбайы мен ұлы болған.