Сарбаз бен спорт: Әскердегі физикалық дайындық қалай жүргізіледі?

Бүгін, 12:05 / Ақбота Әбілтай

Ұлттық ұлан сапындағы әскери қызметкерлер ел тыныштығын қырағы күзетіп қана қоймай, түрлі спорттық ареналарда да ел намысын қорғап, көк байрағымызды биікте желбіретіп жүр. Спорт – сарбаз үшін жай жаттығу ғана емес. Спорт – рух пен тәртіптің, төзім мен ерік-жігердің шыңдалу алаңы. Әскерде сарбаздардың физикалық дайындығы қалай жүргізіледі? Спорт жарыстарына қалай іріктеледі? Turkystan.kz сайтының тілшісі осы сұрақтардың жауабын алу үшін Астанадағы Ұлттық ұланның №5573 әскери бөлімшесі Дене даярлығы және спорт бөлімінің басшысы, капитан – Медет Рахатұлымен аз-кем тілдескен еді.

«Қазір жасым 29-да. Абай облысында туып-өстім. Мектепті Семей қаласында оқыдым. Сонда жүргенде грек-рим күресімен айналысқанмын. Жақсы нәтижелер көрсеткен соң жаттықтырушым жетелеп жүріп, Петропавлдағы спорт интернатқа түсірді. Себебі Петропавлдағы спорт интернат күрес түрлерінен мықты мектептің бірі болатын. 9-11 сыныптарды сонда оқыдым. Интернатты тәмамдап, әскери академияға тапсырғалы жүрген кезімде спорт пен әскери саланы ұштастыратын бағыт бар екенін білдім. Спорт интернатты бұрын бітірген офицерлер жол көрсетті. Сөйтіп Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы Әскери дене тәрбиесі институтына түстім. Өзім бала күнімнен әскери қызметкер болғым келетін. Бір жағынан спортты сүйдім. Сөйтіп екеуін біріктіруге бел будым. Осылайша өзімнің сүйікті мамандығымды таптым. Санкт-Петербургта оқыған мамандығым – қызметтік қолданбалы дене дайындығы. Бес жыл оқып, оқуды аяқтаған соң елге оралдым. Әуелде Ұлттық ұланның Өскемен қаласындағы № 5518 әскери бөлімшесінде екі жылдан астам уақыт Дене даярлығы және спорт бөлімінің басшысы қызметін атқардым. Одан кейін Семейдегі № 5511 әскери бөлімшесінде дәл осы лауазымда үш жылдан астам уақыт істедім. Ал биыл Ұлттық ұланның Астана қаласындағы № 5573 әскери бөлімшесіне ауысып келдім», – дейді ол.

Әскери қызметке шақыру алған әр жастың денсаулығы, денесінің шымырлығы жіті тексеріледі. Содан кейін оны шыңдауға баса мән беру – Медет Рахатұлы бастаған топтың басты міндеті.

«Сарбаздар ғана емес, офицерлер және келісімшартпен істейтін әскери қызметкерлер бар. Осы аталған барлық санаттағы қызметкерлерді жаттықтырамыз. Жаппай спортпен айналысуын қадағалаймыз, дене даярлығын ұйымдастырамыз. Әскери бөлімде спортық іс-шаралар үнемі өткізіледі. Күнделікті жарты сағаттық таңғы жаттығу бар. Одан бөлек жаппай спорттық жұмыс, ерекше жағдайлардағы физикалық дайындық, түрлі спорттық ойныдар мен сайыстар бар. Мұның бәрі апта сайын, белгіленген күндері кесте бойынша өткізіледі. Мұндағы мақсат – сарбаздардың ерік-жігерін шыңдап, рухын көтеріп, батылдыққа тәрбиелеу және дене даярлығын қамтамасыз ету. Осы физикалық дайындық түрлерін ұйымдастырып, бақылау – менің міндетім. Сарбаздар мен қызметкерлерді өзім жаттықтырмаймын. Бөлімшелердің командирлері жаттықтырады. Мен бәрін бақылаймын. Әскери комиссия әскер қатарына шақырылған сарбаздарды медициналық тексеруден өткізіп, бізге жібереді. Дегенмен физикалық жүктемені жүрегі көтермейтін сарбаздар болса, олар негізгі құраммен жаттықпайды.  Оларға жеке жеңіл жаттығулар қарастырылған», – дейді кейіпкеріміз.

Әскери бөлімше сарбаздарының спорттағы жетістіктері де аз емес.

«Ұлттық ұлан жыл сайын спартакиада өткізеді. Спартакиадаға қазақша күрес, самбо, жауынгерлік самбо, қоян-қолтық ұрыс, волейбол, көпсайыс кіреді. Осы спорт түрлерінен жыл сайын аймақтық командалар біріншілігіне қатысамыз. Келер жылы волейбол, қазақша күрес, көпсайыс, самбо мен қоян-қолтық ұрыстан жарыстар күтіп тұр. Бірінші өзіміздің әскери бөлімнің ішінде, сарбаздар, офицерлер мен келісімшартпен жұмыс істейтін қызметкерлер арасында іріктеу өткіземіз. Іріктелген құраманы келесі сатыдағы жарыстарға жібереміз. Әскери бөлімнің спорт комитеті бар. Спорт комитетіне келісімшартпен жұмыс істейтін 10 әскери қызметкер, жедел қызметтің 10 қызметкері кіреді. Жедел қызмет негізінен футболға қатысады. Футболдан Астана біріншілігінде әуесқой лигада біздің әскери қызметкерлеріміз Астананың жоғары лигасына өтті. Келісімшартпен жұмыс істейтін әскери қызметкерлер қазақша күрес, дзюдо, самбомен айналысады. Жақында Тілек Тоқтасынұлы қазақша күрестен Азия чемпионы атанды. Қарашада Семейде өткен Қазақстан чемпионатында Санжар Жаппаров 100 келіден астам салмақта екінші орын алды. Төрехан Қайып Шымкентте өткен Қазақстан чемпионатында 155 келі салмаққа дейінгі категорияда екінші орын алды.  Бөлімшенің атын шығарып жүрген осындай қызметкерлерімізбен мақтанамыз. Тек ел ішіндегі жарыстар ғана емес, халықаралық жарыстарға да қатысамыз», – дейді Медет Рахатұлы.

 

Тэгтер:

спорт әскери қызметкер Ұлттық ұлан сарбаз дене даярлығы