Адам бойындағы кейбір өзгерістерді жұртшылық жиі «жас ұлғайғанымен» байланыстырады. Алайда бұл белгілердің артында дәрумендер мен минералдардың жетіспеушілігі тұруы мүмкін. Бұл туралы Daily Mail басылымы дәрігер Эмили Лимингке сілтеме жасап хабарлады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Маманның айтуынша, үнемі шаршау, зейіннің төмендеуі, есте сақтау қабілетінің әлсіреуі және ентігу секілді белгілер В12 дәруменінің тапшылығынан туындауы ықтимал. Бұл дәрумен ми жұмысы үшін аса маңызды. Оның жетіспеуі есте сақтау бұзылыстарына әкеліп, кейде ерте деменцияның белгісі ретінде қате қабылданады.
Эмили Лиминг В12 дәруменінің тапшылығын сүт, сиыр еті, жұмыртқа сияқты өнімдер арқылы толықтыруға болатынын атап өтті. Сонымен қатар бұл дәрумен кейбір өсімдік негізіндегі сүт өнімдерінде де кездеседі.
Ал тез шаршау, назардың шашырауы, ентігу және тоңғыштық сезімі темір жетіспеушілігімен байланысты болуы мүмкін. Мұндай жағдайда тек тамақтану рационын өзгерту жеткіліксіз болып, қосымша препараттар қабылдау қажет болуы ықтимал.
Дәрігердің сөзінше, дұрыс тамақтану мен қажетті ем-дом уақтылы жүргізілсе, адамның хал-жағдайы бірнеше апта ішінде айтарлықтай жақсарады. Кейде «қартаю» деп жүрген белгілердің өзі ағза жіберген қарапайым сигнал ғана болуы мүмкін.