Күндіз көп ұйықтау тері ауруларына шалдығу қаупін арттыруы мүмкін

16 желтоқсан, 2025 / Ербұлан Қайрат

Ғалымдар күндізгі ұйқышылдық пен псориаздың даму қаупі арасында байланыс барын анықтады. International Journal of Behavioral Medicine (IJBM) журналында жарияланған зерттеуге сәйкес, ұйқы режимі тұрақсыз адамдарда бұл созылмалы тері ауруына шалдығу ықтималдығы жоғары, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қытайдың Аньхой медициналық университетінің зерттеушілері 405 мыңнан астам адамның деректерін талдаған. Қатысушылар орта есеппен 14 жыл бойы бақылауда болып, олардың ұйқы сапасы бес негізгі көрсеткіш бойынша бағаланған, атап айтқанда, ұйқының ұзақтығы, хронотип (ұйықтау және ояну уақыты), ұйқысыздық, қорыл және күндізгі ұйқышылдық. Осы факторлардың негізінде әр адамға «ұйқы сапасының жиынтық балы» берілген.

Нәтижесінде ұйқысы сау әрі тұрақты адамдарда псориаздың даму қаупі шамамен 30 пайызға төмен болғаны анықталған. Бұл байланыс аурудың әртүрлі түрлерінде, соның ішінде псориатикалық артритте де сақталған.

Зерттеуде ең үлкен әсер күндізгі ұйқышылдыққа тиесілі болды. Күндіз ұйқы қыспайтын адамдарда псориаз қаупі дерлік 20 пайызға азайған. Ұйқының басқа да оң сипаттамалары аурудан белгілі бір деңгейде қорғайтыны байқалғанымен, олардың әсері салыстырмалы түрде әлсіз болған. Әсіресе бұл тәуелділік 60 жасқа дейінгі адамдар арасында айқын көрінген.

Авторлар бұл зерттеу псориаз бен ұйқы арасындағы тікелей себеп-салдарлық байланысты дәлелдемейтінін атап өтеді. Алайда алынған нәтижелер ұйқы режимі терінің созылмалы қабыну ауруларының алдын алуда маңызды әрі басқаруға болатын фактор болуы мүмкін екенін көрсетеді.

Тэгтер:

күндіз ұйықтау тері аурулары псориаз ұйқышылдық