Қызылордалық дәрігерлер бір күнде үш науқасқа бүйрек трансплантациясы сәтті жасалды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұл туралы Қызылорда облыстық көпбейінді ауруханасының баспасөз қызметі мәлімдеді.
Алғашқы трансплантация 41 жастағы әйел адамға жасалды.
«Реципиенттің ағасы донор болып, бауырына бүйрегін берді. Екінші трансплантация 20 жастағы жігітке жасалды. Бұл жағдайда донор ретінде науқастың 54 жастағы анасы қатысты. Ал үшінші ота 43 жастағы әйел адамға жасалды. Науқастың жұбайы донор болып, бүйрегін берді», - делінген хабарламада.
Трансплантацияны аурухананың бас дәрігері, трансплантолог, PhD Жасұлан Баймаханов, бас дәрігердің хирургия жөніндегі орынбасары, PhD Ербол Серікұлы және А.Н.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығының трансплантологтары Ернұр Белгібаев, Елшат Нәбиевтің командасы жасады.
«Ота сәтті өтті. Қазіргі таңда науқастардың жағдайы орташа ауыр, тиісті ем қабылдап жатыр», - делінген хабарламада.