Бүгін – Тәуелсіздік күні. 16 желтоқсан – қазақ тарихындағы ең елеулі дата. 34 жыл бұрын дәл осы күні Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңға қол қойылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Азаттығымызға жол салған Желтоқсан оқиғасына 39 жыл толды.
Тәуелсіздікке қол жеткізген 34 жыл ішінде Қазақстан елеулі жетістіктерге қол жеткізіп, күрделі сын-қатерлерді артқа тастады. Төл валютамыз – теңгені қолданысқа енгізді. Айбынды әскерді құрды. Шекараларын бекітіп, жаңа астанасын салды. Мемлекеттік рәміздерін бекітті. Орнықты мемлекеттік институттары бар және экономикасы бәсекеге қабілетті демократиялық мемлекет ретінде қалыптасты.
1991 жылы 16 желтоқсанда сол кездегі Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының "Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы" Конституциялық Заңына қол қойды. Бір қызығы, қазақ елінің тәуелсіздігін заңдастыратын сол құжат заңнама тұрғысынан КСРО-да қабылданған ақырғы заң болып саналады.
Әлемдік сауда-экономикалық жүйеге толық еніп, өзін сенімді серіктес ретінде көрсете білді. Бүгінде әлем бойынша 120-дан астам ел Қазақстанмен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан. Ауқымды реформалар басталды, экономика мен әлеуметтік сала жаңғыру жолына түсті.
Қазақстанның Тәуелсіздігін ресми түрде ең алғаш Америка Құрама Штаттары мойындады. Одан кейін Қытай, Ұлыбритания, Моңғолия, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея және Иран Ислам мемлекеті Қазақстанды тәуелсіз мемлекет ретінде таныды.
Ал Түркия бірінші болып Қазақстанда өз елшілігін ашты.
Биыл тәуелсіздік алғанымызға 34 жыл толып отыр. Оның алғашқы он жылы егемендіктің айшықтарын айқындап, конституциялық құрылымды қалыптастыруға арналды. Төл валютамыз айналымға енгізіліп, Қарулы Күштер жасақталды. КСРО-дан мұраға қалған жоспарлы экономикалық саясаттың орнына нарық қатынастары орнықты.