Бокстан үш дүркін Әлем чемпионы Назым Қызайбай жыл соңына дейін атқаруы керек жұмыстары жайында баяндады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұл туралы ол әлеуметтік желіде жазды.
«Менде бәрі жақсы, жиындамын. Жаттығулармен уақыт өтіп жатыр. Мазалап жүрген ойлар бар да, соны шешпегенше болмайын деп тұр. 2025 жылға қойған жоспарларым көп болды, шүкір, соның бәріне жеттім (барлығына жерлік) Бірақ мен үшін ерекше маңызды үш үлкен мақсат бар еді. Біріншісі – үш дүркін әлем чемпионы атану. Екіншісі – ата-анама үлкен үй сыйлау. Үшіншісі – өзімнің бокс залымды ашу. Осы мақсаттардың екеуі орындалды. Үш дүркін әлем чемпионы болдым оған қоса осы жылы екі әлем чемпионаты болғандықтан, өз рекордымды жанартқым келді, бірақ екіншісінде күміс алдым. Осылайша, Әлем чемпионатында толық комплект болды. Отбасыма үлкен үй де алдым. Бәрі мәз... Өзімді мақтап қояйын…», – деп жазды боксшы.
Сондай-ақ ол әлі де орындалмаған арманы барын айтқан.
«Жыл аяқталуға жақын, сондықтан үшінші арманымды да биыл жүзеге асырғым келеді. Қазір шағын ғимаратты қарастырып қойдым, ұнап та тұр. Соған байланысты бір хабарландыру бөліскім келеді. Өзімнің әдемі көлігімді сатамын. Бұл көлік маған Олимпиададан кейін сыйға берілген, бір жылдан аса уақыт міндім, жағдайы жақсы. Көлікті жақсы көремін, бірақ арман мен мақсат үшін бұл қадамға баруға дайынмын», – деді Назым Қызайбай.