Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда кітап оқу мәдениетін баса көңіл бөліп, 23 сәуір «Ұлттық кітап күні» болып бекітіліп, ұлттық сауалнама жүргізілген болатын. Нәтижесінде ұлт оқитын 100 кітап сауалнама қорытындысы арқылы іріктелді, деп хабарлайды turkystan.kz.
BAQ.KZ-тің мәліметінше, бүгін Астанада «Qazcontent» АҚ-на қарасты «Әдебиет порталы» интернет-жобасы мен ҚР Ұлттық кітапханасының «Ұлт оқитын 100 кітап» бірлескен жобасының ресми таныстырылымы болып өтті.
Басты мақсат – ұлттық әдеби мұраны кеңінен насихаттау, оқырман қауымның сүйікті шығармаларын заманауи форматта оқуға және іздеуге қолжетімді ету.
«Qazcontent» АҚ Басқарма төрағасы Айна Задабекқызы аталмыш жобаның ерекшелігі таңдалған 100 кітапты оқуды оқырманға барынша ыңғайлы ету дейді.
– Бұл жобаның атауы – «Онлайн кітапхана» деп аталады. Ол бәріне ашық, қолжетімді кітапхана. Бұған дейін сауалнама арқылы ұлт оқитын жүз кітап таңдалған болса, оны бір жерден оқу мүмкіндігі болмаған еді. «Әдебиет» порталы жасаған бұл платформа кез келген жерде әдеби туындыны оқуға мүмкіндік береді, – дейді ол.
Әдебиет порталы – үш тілде: қазақша, орысша, ағылшынша ақпарат тарататын білім мен рухани азық беретін еліміздегі ең ірі онлайн-әдеби портал. Аталған жоба ҚР Ұлттық кітапханасымен бірлесіп жүзеге асырылған. Платформада ұлттық әдебиеттің алтын қорына енген шығармалармен қатар заманауи туындылар да қамтылған.
«Әдебиет» порталының шығарушы редакторы Ықылас Ожай маңызды кітаптарды топтастыру, жинау әлемде бар үдеріс дейді.
– Жалпы таңдаулы 100 кітап туралы түсінік – бұл өркениетті елдердің көбінде бар үдеріс. Сондықтан өркениеттегі өлшемдердің бізге де келіп жатқаны қуантады. Себебі ұлттың интеллектуалды мәнін, бар болуының мәнін тек білім ғана анықтайды, – дейді ол.
Таныстырылымға келген зиялы қауым өкілдері, ҚР Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, Жазушылар одағының мүшелері, белгілі қаламгерлер мен кітапханалар қызметкерлері де бұл жобаның маңыздылығы туралы сөз қозғап, ұсыныстарын жеткізді.
Мысалы мәжіліс депутаттары мемлекет тарапынан мәдениет саласына бөлінетін қаржы көлемін көбейту керек десе, зиялы қауым, әдебиет сыншылары портал бетінен аудио форматтағы жобаларды, әдеби сындарды көруге ниет білдірді.