2026 жылы смартфон мен ноутбуктердің сапасы нашарлап, бағасы қымбаттауы мүмкін

Бүгін, 19:15 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

2026 жылы смартфондар мен ноутбуктер қымбаттап, әлсіздеу болуы мүмкін, деп жазады салалық инсайдерлер. Бұған жедел жад (ОЗУ) нарығындағы дағдарыс себеп. Сарапшылардың айтуынша, жад чиптерінің тапшылығы мен қымбаттауы өндірушілерді құрылғылардағы ОЗУ көлемін қысқартуға мәжбүрлейді. Ал бұл көптапсырмалы режимнің нашарлауына тікелей әсер етеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Инсайдерлер келтірген деректерге сүйенсек, 2026 жылы нарықта мынадай өзгерістер болуы мүмкін:
– флагман смартфондарда 16 ГБ ОЗУ орнына 12 ГБ қолданылуы мүмкін;
– бюджеттік смартфондарда 6–8 ГБ-тан 4 ГБ-қа дейін төмендеуі ықтимал;
– орта деңгейлі ноутбуктерде 16 ГБ орнына 8 ГБ ұсынылады;
– қуатты ноутбуктерде 32 ГБ және одан жоғары көлемнің орнына 16 ГБ шектелуі мүмкін.

Мамандардың түсіндіруінше, ОЗУ көлемінің азаюы қосымшалардың баяу жұмыс істеуіне, бірнеше бағдарламаны қатар қолдану кезінде іркілістердің көбеюіне әкеледі. Сонымен қатар жад чиптерінің қымбаттауы соңғы құрылғылардың бағасын өсіруі мүмкін.

Осы себепті сарапшылар техникасын жаңартуды жоспарлап жүрген тұтынушыларға 2026 жылды күтпей, жақын уақытта сатып алу тиімді болуы мүмкін екенін айтады. Келесі жылы "жаңарақ, бірақ қымбатырақ әрі сәл әлсіздеу" құрылғылар сатып алу қалыпты құбылысқа айналуы ықтимал.

Тэгтер:

смартфон ноутбук