Миға не "үйретсең", шешуші сәтте соны қайталайды – нейробиологтар

Бүгін, 18:45 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Алдағы болатын оқиғаны ойша қайта-қайта «елестету» нақты орындау кезінде жақсы нәтиже береді. Нейробиологтар осындай қорытындыға келді. Ғалымдардың айтуынша, ми үшін елестету шынайы тәжірибемен шамалас: ол сол әрекетке алдын ала «жаттығып», кейін қажет сәтте бұрыннан таныс қимылды оңай іске қосады, деп хабарлайды turkystan.kz nature.com-ға сілтеме жасап.

Зерттеу деректеріне сәйкес, адам қандай да бір әрекетті көз алдына анық әрі жағымды етіп елестеткенде, мида күтілген нәтиже мен ойша болған оқиға арасындағы айырма – "болжам қатесі" пайда болады. Дәл осы механизм үйрену процесін іске қосады. Функционал МРТ нәтижелері бұл кезде мидың марапаттау жүйесіне жауап беретін жолақша (стриатум) белсенді болатынын көрсетті. Ол өз кезегінде қыртыстағы бейнелерді жаңартып, таңдаулар мен мінез-құлыққа әсер етеді.

Алайда зерттеушілер маңызды бір нюансты ескертеді. Егер адам алдағы істі елестеткенде сәтсіздікке ұшырағанын, «ұятқа қалғанын» қайта-қайта ойласа, ми дәл сол сценарийді де үйреніп алады. Яғни миға не "үйретсең", шешуші сәтте соны қайталайды.

Ғалымдар бұл нәтижелер ойша елестетудің тек мотивация құралы емес, дербес үйрену механизмі екенін көрсететінін айтады. Сондықтан мамандар дайындық кезінде әрекеттің сәтті орындалуын елестеуге кеңес береді, ал ми болашақты дәл қазірден бастап "әзірлеп" қояды.

Тэгтер:

ми сәттілік нейробиология