Есірткі шегіп, өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айырылған азамат үшінші рет ұсталды

Бүгін, 17:30 / Алуа Арман
polisia.kz

Ақтөбеде өмір бойына көлік басқару құқығынан айырылған жүргізуші үшінші рет ұсталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Патрульдік полиция қызметкерлері қызмет атқару барысында жол қозғалысы қағидаларын бұзған Toyota Sienna автокөлігін тоқтатты. Көлікті басқарған 32 жастағы жүргізушінің қылықтары мен сырт келбеті полицейлердің күдігін туғызды. Медициналық куәландыру нәтижесінде оның есірткіге мас болғаны анықталды. Жүргізушінің жеке басын тексеру барысында оның мұндай құқық бұзушылыққа алғаш рет жол бермегені белгілі болды.

2023 жылы аталған азамат есірткілік масаң күйде көлік жүргізгені үшін жауапкершілікке тартылып, 7 жылға жүргізуші құқығынан айырылған. Алайда тыйымға қарамастан, 2024 жылы ол қайтадан есірткілік масаң күйде көлік жүргізіп, сот шешімімен 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды және өмір бойына жүргізуші куәлігінен айырылды.

Қатаң шараларға қарамастан, ер адам тағы да заң талабын елемей, көлік тізгінін ұстап, айналасындағылардың өміріне қауіп төндірген. Құқық бұзушы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Ер адамға бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

Тэгтер:

Ақтөбе жүргізуші жүргізуші куәлігі көлік жүргізу